ОТАНЫМЫЗ – ҚАЗАҚСТАН

0

Өткен дүйсенбіде ауданымызға жұмыс сапарымен «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Парида Мамедова, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисті Бекет Момынқұл келіп, «Қазақстандықтардың құқығын қорғаудағы қоғам белсенділерінің рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізді.  «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында өткен жиынға аудандағы қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары мен мүшелері, этно-мәдени орталық жетекшілері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында модера-торлық қызметті атқарған белгілі журналист Бекет Момынқұл бұл кездесудің негізгі мақсаты Жамбыл облысында этносаралық және конфессияаралық келісімді күшейту, атқарылған жұмыс-тар барысын этномәдени және діни бірлестіктермен бірге талқылап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау екенін айта келе ұлтаралық келісім, бейбітшіліктің Қазақстандық моделі турасында ой қозғап, одан кейін сөз кезегін Тараз қалалық «Өзбек» этномәдени орталығының жетекшісі  Абдурахмон Зайнутдиновке берді.

«Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде бұрынғы КСРО құрамында болған елдер ішінде тек Ресейге ғана жол беретін шығар. Шағын Біріккен Ұлттар Ұйымы саналатын елімізде Қазақстан Халқы Ассамблеясы бекерден құрылған жоқ. 90-шы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында миграциялық көңіл-күйдің басым болғаны шындық. Ал, Елбасының бастамасымен іске асқан Ассамблея сол бір күдігі мол көңіл күйдің сейілуіне әкеліп, өте үлкен күшке айналды. Бұл Қазақстан моделі болып аталуы да содан. Сол кездегі Мемлекет басшысының шешімі, бағыты дұрыс болғанына көзіміз жетті. Бұл сәтті шешім болды деп айта аламыз. Ал, бүгінгі күнде айрандай ұйыған қоғамға іріткі салып, бүлік жасауға бейім тұратындар баршылық. Соларға қарсы енді, біздер күш біріктіріп, ел тыныштығы үшін еңбек етуіміз қажет», — деген  А.Зайнутдинов «Үкіметтік емес ұйымдардың азаматтардың құқығын қорғаудағы орны» тақырбында ой қозғады.

Келесі кезекте сөз алған Қордай аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов аталмыш кеңестің осыған дейін атқарған жұмысы турасында баяндама жасап, оның ішінде ұлтаралық татулық, мемлекеттік тілді оқыту, келісім кеңесі көтерген мәселелердің шешімін табуы, қазіргі таңдағы өзекті мәселелер турасында сөз қозғады. Осыдан кейін сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Парида Мамедова мемлекеттің басты байлығы – халқы екенін айта келе Ассамблеяның біртұтас бөлігіне айналған этномәдени орталықтардың жұмысына тоқталып, «Жамбыл облысындағы этносаралық қатынастарды дамытудың тиімді үрдістері» турасында сөз қозғады.

 «Ассамблеяның қоғамдық институт ретінде рөлі мен маңыздылығы бүгінде артып отыр. Ал, ел арасында туындап отырған мәселелерді зерттей келе кез-келген ұлтаралық даулар негізінен әлеуметтік-эконо-микалық және отбасылық проблемалардан туындап отырғанына көз жеткіздік. Шиеленістің барлығы осыдан шығады. Ұлт болып, ұлыс болып бөліну, түрлі кикілжіңдер сол аумақтағы қандай да бір маңызды әлеуметтік проблеманың шешілмеуінен орын алып жататыны да анық. Ал, Қазақстанда заң баршаға ортақ. Сол жағына да аса көңіл бөліп, өз ерекшелігімізді ескере отырып өмір сүргеніміз жөн. Өйткені әлемде 150-ге жуық дербес мемлекет бар, ал 3 мыңға жуық этнос өмір сүреді. Оларда қазір жеке дара мемлекет болу мүмкіндігі жоқ. Осыған қарап-ақ өзіміздің бағымыз бен барымызды бағалағанымыз жөн», — дейді Парида Иманжанқызы.

Келесі кезекте сөз алғандар қатарында ардагер Мықтыбек Алтыбаев ақсақал мемлекеттік тілді үйреуде ашылып жатқан түрлі оқу орталықтары мен курстардың жақсы екенін, оларға қомақты қаржы бөлініп жатқанын айта келе ендігі жерде солардың нақты сұрауы болса, нәтижесін сараласа деген мәселе көтерсе, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Біржан Әлімбет, Қоғамдық кеңес төрайымы Баян Қарамолдаевалар дөңгелек үстел барысында көтерілген мәселелерге қатысты өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ұсыныс демекші, облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов «Қазақстан қоғамындағы этномәдени орталық-тардың құқықтық мәдениетін көтеру» тақырыбын сөз ете келе, мемлекеттік тілді игеруде қазақ елінің мәдениеті мен салт-дәстүрін өзге ұлт өкілдері арасында кеңінен насиахаттауды ұсынды. Қай ұлттың өкілі болсаң да осы мемлекетте өмірге келдің бе, өстің бе, онда сенде тарихи Отан деген түсінік болмауы керек. Сенің жалғыз Отаның бар. Ол – Қазақстан», — деді Л.Буларов.

Жандос Омаров

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.