ПАЦИЕНТТЕР ҮШІН МОЛ МҮМКІНДІК

0

20 мыңнан астам тұрғыны бар Сортөбе ауылдық округіндегі жергілікті ауруханада әлемдік стандартқа сай құрал-жабдықтар пайдаланылған, жеке УЗИ аппараты, перзентхана, дәріхана бар заманауи зертхана ашылды.

Жуырда ауылдық мәдениет үйінде қолжетімді медициналық көмекті қаржыландыру және міндетті медициналық сақтандыру мәселелері бойынша жиналыс өтіп, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» ҰАҚ филиалының басшысы Дәурен Бурханов, жергілікті атқарушы билік, ауылдық аурухана өкілдері және Сортөбе ауылдық округінің тұрғындары қатысқан болатын.
Осыған орай Сортөбе ауылдық ауруханасының меңгерушісі Таня Апаевадан медициналық сақтандыру тұрғындар үшін несімен пайдалы екенін сұраған едік.
— Таня Мудалифовна, бүгінгі таңда тұрғындарды міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қамту мәселесі көкейтесті. Өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген адамдар арасында медициналық сақтандыру аса маңызды болмай тұр. Көптеген тұрғындар әлі түсіне қойған жоқ. Сақтандыру несімен маңызды?
— Бұл жерде ең бастысы міндетті медициналық сақтандырудың басты мақсаты – азаматтарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету екенін атап өткім келеді.
Әрине, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ешкім жойған жоқ. Бұл болды, қалады және жыл сайын кеңейеді, бірақ медициналық сақтандыру әлдеқайда көп мүмкіндіктер береді.
Медициналық сақтандыруы бар науқастарға бұдан былай көптеген қызметтерге ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Бүгінде МӘМС есебінен халық бұрын тек ақылы болған медициналық қызметтерді ала алады.
— Осы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз…
— МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі бар адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың медициналық көмегіне кеңейтілген қолжетімділік алады.
МӘМС жүйесіне келесі медициналық қызметтер кіреді:
— профилактикалық медициналық тексерулер;
— учаскелік дәрігердің бағыты бойынша тар профильді дәрігерлерді қабылдау және кеңес беру;
— созылмалы аурулары бар адамдарды мамандандырылған мамандардың динамикалық бақылауы;
— халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету;
— диагностикалық қызметтер, соның ішінде зертханалық диагностика (УДЗ, рентген, КТ, МРТ);
— мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, стационарлық медициналық көмек;
— медициналық оңалту;
— медициналық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету, стационарлық жағдайда мамандандырылған.
Тізімнің әсерлі екені рас. Мысалы, бір медталдаудың құны 3000-4000 теңге аралығында. Бірнеше болса ше? Енді сақтандырылғандар маманның нұсқауымен бұл сынақтарды тегін тапсыра алады.
— МӘМС бойынша жарна төлемін жасай алмайтындардың жағдайы қалай болмақ?
— Балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, студенттер, жүкті әйелдер және азаматтардың кейбір санаттары жарна төлеуден босатылады. Алайда мемлекет олардың төлеу міндетін өз мойнына алады. Қалған азаматтар – яғни еңбекке қабілетті, экономикалық белсенді халық – өз күшімен төлеуге міндетті.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен МӘМС жүйесінен тыс қалғандарды оның қатысушылары болуға шақырамын. Сақтанушылар медициналық қызметтердің көлемі мен құны бойынша шектелмейтінін атап өткім келеді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сақтандырылмаған азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту шаралары қабылданды. Осыған байланысты «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға МӘМС жүйесіне қатысудың баламалы әдісін қарастыратын түзетулер қабылданды.
Бұрын сақтанушы мәртебесін алу үшін соңғы 12 айдағы жарналардың болуы қажет еді. Осы кезеңде төлемдер болмаған жағдайда қарыз пайда болды.
Енді мәртебені алдағы 12 айға жарна төлеу арқылы алуға болады, бұл алдағы жыл ішінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жаңа механизм өткен жылдың 5 қыркүйегінен бастап жұмыс істей бастады.
— Мұныңыз жақсы жаңалық екен. Көпшілік осы ақпаратты пайдалана алады деп ойлаймын.

Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.