ПИЯЗ – БРЕНДКЕ АЙНАЛАР КҮН ЖАҚЫН

0

Күзгі жиын-терім науқаны аяқталуға жақын. Қазіргі таңда шаруалар күздіктің қамына кірісіп, алдағы жылға үлкен үміт артып отыр. Қуаңшылығымен есте қалатын 2021 жылға жақында салауат айтылады. Қазіргі басты мақсат – дайын өнімді шашау шығармай қамбаға құю.
Биыл 22 200 гектарға күздік бидай егілді, бұл жоспардың 100%-ын құрайды, деп хабарлайды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы. Бүгінгі таңда облыс бойынша 1,566 миллион тонна көкөніс жиналып, әр гектардың орташа түсімі 414,1 центнерді құраған. Облыс бойынша 37,9 мың гектар алқаптан көкөніс жиналса, бұл белгіленген жоспардың 87,5 пайызын құраған. 233 мың тонна картоп, 48,3 мың тонна сәбіз, 42335 тонна қырыққабат алынған. Барлық аудандарда қияр, қызанақ, сарымсақ жинау жұмыстары толығымен аяқталған. Барлығы 89,1 мың тонна қияр (гектарынан 273,4 центнерден), 160 мың тонна қызанақ (285,4), 22396 тонна сарымсақ (234,7) жиналған. Облыс бойынша бүгінгі таңда 25,9 мың тонна майлы дақыл жиналса, бұл жалпы жоспардың 69,2 пайызын құрайды, орташа өнімділік әр гектардан 6,3 центнерге айналған.
Негізгі азық-түлік дақылдары күздік бидай екенін ескерсек, күзгі егіс науқаны ауданның агроөнеркәсіптік кешені үшін ерекше маңызды кезең болып табылады. Күздік бидайдың жаңа өнімділігі жоғары жаңа сұрыптарының пайда болуымен астықтың жоғары өнімділігін қалыптастыруға болатынын айтады шаруалар.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, биыл облыста 75727 тонна астық жиналыпты. Оған қордайлық диқандардың қосқан үлесі қомақты. Аудан бойынша орташа өнімділік гектарына 12,1 центнерді құрады. Ауданда егістіктердегі жерді жырту жұмыстары мен көкөніс дақылдарын жинау жалғасуда. Алда астық үшін жүгері жинау науқаны күтіп тұр.
Ауданда сүт өнімділігінің артуы сауын сиырлардың көбеюімен және олардың өнімділігінің жоғарылауымен мүмкін болды. Бұл мемлекеттік қолдаудың арқасында іске асқанын ерекше атап өткен жөн. Қордайлық фермерлер бұл бағдарламалардың белсенді қатысушысы екенін ескерсек, алда жерлестеріміз «Қарапайым заттардың экономикасы» және «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламалары аясында өз бизнесін дамытуға тағы да мүмкіндік алмақ.
Облыс әкімі айтқандай аймағымыздың брендіне айналуы тиіс пияз шаруашылығы қордайлықтар жақсы игерген іс болып тұр. Қазір 3,3 мың гектар алқаптан пиязды жинау науқаны қызған шақ. Алқаптарда қызыл қапқа жиналған пияз арнайы орындарға жөнелтілуде. Өнім де жаман емес. Ал, жалпы көкөніске келер болсақ, қордайлық диқандар 3836 гектар алқаптан картоп жинап, қамбаға 85926 тонна өнім жинап алған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.