ПРОКУРОРДЫҢ, ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ШЕШІМДЕРІН СОТТА ҚАРАУ ТӘРТІБІ

0

Қазақстан Республика Қылмыстық процестік кодексінің 106-бабының тәртібімен құқықтары мен бостандықтарын прокурордың, тергеу және анықтау органдарының әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей қозғайтын тұлға қылмыстық құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуында, тергеп-тексеру мерзімдерін үзуде, қылмыстық істі тоқтатуда, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруда, тінтуді және (немесе) алуды жүргізуде, өзге де әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасауда және шешімдерді қабылдауда заңның бұзылуы туралы арызды қабылдаудан бас тартуға шағыммен сотқа жүгінуге құқылы.

Шағым қылмыстық процесті жүргізетін орган тұрған жердегі аудандық сотқа, тұлғаның келіспеген шешіммен танысқан күнінен бастап он бес тәулік ішінде не прокурордың өз атына берілген шағымды қанағаттандырудан бас тартатыны туралы хабарламасы алынғаннан кейін дәл сол мерзімде немесе, егер прокурорға берілген шағымға жауап алынбаған болса, шағым берілгеннен кейін он бес тәулік өткен күннен бастап берілуі мүмкін.

Сотқа жолданатын шағым жазбаша түрде жазылады, онда арыз беруші мен өз мүддесі үшін шағым беріліп отырған адамның тегі, аты, әкесінің аты, олардың мекенжайы мен байланыс телефондары, органның атауы мен орналасқан жері, шағым жасалып отырған іс-әрекетті (әрекетсіздікті) жасаған, шешім қабылдаған лауазымды адам көрсетіледі. Шағымда қашан, кім (қандай орган немесе оның лауазымды адамы) және қандай процестік іс-әрекеттер (әрекетсіздіктер) жасалғаны, қандай шешім қабылданғаны көрсетілуге тиіс. Бұл ретте шағымда заңның қандай нормалары бұзылғанын, осылардың арыз берушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қалай әсер еткендігін, сондай-ақ арыз берушінің өтінішінің мәнін көрсету қажет. Сонымен бірге сотқа жүгінгенге дейін шағымда көрсетілген іс-әрекеттердің (әрекетсіздіктің), шешімдердің прокурорға шағымдалған-шағымдалмағанын, жауаптың қашан алынғанын (не алынбағанын), прокурордың жауабының мәнін және олармен келіспейтіндігі туралы уәждерді көрсету қажет.

Шағымға оны берген адам қол қояды. Шағымға оның көшірмелері (прокурорға және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған адамдарға тапсыру үшін); шағымдалып отырған процестік актінің көшірмесі; арыз берушінің пікірі бойынша шағымдағы уәждерді растайтын материалдар; прокурордың шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жауабы; прокурорға жолданып, жауап алынбаған шағымның көшірмесі; шағым берген адамның өкілінің құқығын растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс.

Шағымды тергеу судьясы үш тәулік ішінде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды он тәулік ішінде жабық сот отырысында тиісті адамдар мен прокурордың қатысуымен қарайды, олардың келмеуі шағымды қарауға кедергі келтірмейді.

Тергеу судьясы шағымды қарау нәтижелері бойынша заңсыз деп танылған процестік шешімнің күшін жою туралы; тиісті лауазымды адамның әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз немесе негізсіз деп және оның жол берілген бұзушылықты жою міндетін тану туралы; прокурорға азаматтың немесе ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерінің жол берілген бұзылуын жою міндетін жүктеу туралы; шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тиісті қаулы шығарады.

Қордай аудандық сотының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.