Тіл – ұлттың ең басты байлығы, тәуелсіздігіміздің тұмары, азаматтығымыздың айғағы. Адамды мұратқа жеткізетін- ана тілі мен ата дәстүрі. Сондықтан елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін тиісті деңгейде көтеру мәселесі ешуақытта өзектілігін жойған емес. Отбасында бір ауыз орысша сөйлемейтін қазақтардың үйінде дүниеге келген балаларымыздың тілі орыс тілінде шығып жатыр. Қазіргі таңда оған кінәлі смартфон. Бала тәрбие мен ілімді сол смартфон арқылы ғаламтордың тілінде алып жатыр. Қазақ тіліне аударылған мультфильмдер мен қызықты бағдарламалардың саны аз, сапасы сын көтермейді.
Елбасы Стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Қазақ тілі-біздің рухани негізіміз, біздің міндетіміз –оны барлық салада белсене пайдалана отырып дамыту, қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек, қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде» деп атап көрсеткен болатын.
Ата заңымыздың 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» деп көрсетілген. Жасыратыны жоқ қалаларда қарым-қатынас тілі орыс тілі болып тұр. Қазақ тілін менсінбейтін, оған мемлекеттік тіл ретінде құрметпен қарамайтын өзге ұлт емес, өз қазақтарымыз көп.
Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін — өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады. Жергілікті соттарда іс қағаздарын жүргізу, ішкі және шығыс құжаттары, жоғары сатыдағы соттармен және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат алмасу 100 пайыз тек мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Сондықтан мен өз замандастарымды «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадір Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын.
Ақын Мағжан Жұмабаев «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде көп ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады», — деген екен. Сондықтан ең қымбат қазынамыз-ана тілімізді бағалай білейік, оның елімізде басқа тілдерден мәртебесінің жоғары болуына, кейінгі ұрпақтың санасынан өшіп қалмауына ат салысайық.
Е.ІЛИЯСОВ, Қордай аудандық сотының төрағасы