Рухани тазару мен отбасы құндылықтары

0

Тараз қаласындағы баспасөз орталығында Құрбан айт мерекесіне орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен арнайы брифинг өтті. Жиында Құрбан айттың маңыздылығы мен құндылығы, бұл күндердің мұсылман жұртшылығы үшін алар орны кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айт мерекесіне байланысты халыққа жолдаған Үндеуі таныстырылды.

Брифинг қонағы болған Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы: «Баршамызды ұлық мереке – Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкір. Исламда зұлхижжа айының алғашқы он күні – ең қадірлі күндер. Бұл күндері жасалған ізгі амалдар мен құлшылықтардың сауабы еселеніп жазылады. Әсіресе, арапа күні ораза ұстау – үлкен сауап. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза тұтқан адам – өткен және келесі жылғы күнәларының кешірілуіне үміт етеді» деген. Биылғы арапа – 5 маусым, ал Құрбан айттың бірінші күні – 6 маусым. Айт намазы таңғы 6:00-де оқылады», – деді өз сөзінде.

«Құрбан айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, хабарласып, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, жанұясындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау – қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылулықтары мен сыйластығын арттырады», деді бас имам.

Биыл құрбандық шалу дәстүрлі түрде – мешітке келіп, арнайы бекітілген қасапханаларда жүзеге асырылады. Тараз қаласы бойынша 1 қасапхана мен бірнеше қасапшы белгіленді. Сонымен қатар, qurban.muftyat.kz сайты арқылы да құрбан шалуға болады. Құрбандық еті алдын ала тіркелген мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Бұл жұмыстарға мешіт жанынан құрылған еріктілер тобы жұмылдырылады.

Құрбан айт – рухани тазару мен отбасы құндылықтарын дәріптейтін мереке. Бұл күндері ата-анаға құрмет көрсету, бала-шағаға қуаныш сыйлау – сауапты әрі тәрбиелік мәні зор амалдар. Мұндай істер өскелең ұрпақтың жүрегінде мерекеге деген құрметті тереңдетіп, ізгілікке бастайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.