СҰРАПЫЛ СОҒЫС СЫНЫ

0

1942 жыл. Соғыстың оты жалындай түскен шақ. Отанын жаудан қорғау үшін қолына қару алған жас өрендер  майданға аттанды. Солардың қатарында 19 жасар Тастанбек Досалиев те бар еді. Ол сол жылдың тамызында әскерге шақырту алып, әскер қатарына іліккен болатын.

Бұған дейін елден бір адым ұзап көрмеген жас жігіт әуелі Ферғанадағы автоматшылар даярлайтын арнайы курстан өтеді. Алты айда соғыс тәсілдері мен суық қару қолдану әдістерін жетік меңгерген сарбаз Башқұр жеріне жіберіледі. Мұнда зеректігімен көзге түскен Тастанбек Досалиев кіші сержант шенін алады. Ол ең алғаш соғысқа Дон маңындағы Котельникова селосында араласады. Сол маңдағы бірнеше ауылдарды басқыншылардан азат ету барысында ерлікпен көзге түседі. Үш күнге созылған ұрыс жеңіспен аяқталады. Осы кезде табандылық көрсете білген Тастанбек Қасабекұлы ауыр жарақат алады. Артынша оны әскери басшылық Донеса қаласындағы әскери госпитальға жіберіп, ол онда төрт айға жуық емделеді. Жарасы жазылып, өзіне келген батыр қаруластарының қатарына қайта оралады. Автоматшылар отряды осы қаладан жаяу жүріп, 34 күн дегенде Украинаның Херсон селосына жетеді. Аспанда барлау жүргізіп жүрген неміс ұшағы жаяу әскерді көріп, төбеден бірнеше бомба тастайды. Жақыннан ұшқан ұшақты жаяу әскердің мергендері атып түсіреді. Майданның өртін көріп, зулаған оқтың астында соғысқа еті үйренген 20 жастағы Тастанбек 1943 жылы отрядымен Днепр өзенінің маңына шоғырланады. Бұл қара суық күз айы болатын. Әлемге әйгілі өзеннің ені тым үлкен. Бұларға түскен бұйрық сол өзеннен өту еді. Күннің батқанын күткен солдаттар өзеннен өтпек болады. Алайда, жаудың жарығына ілінгендер жараланып, қалғаны аман-есен арғы бетке өтеді. Сол маңдағы жау әскерін талқандаған отряд соғыстың өрті лаулап тұрған Қырымға қарай бет алады. Бекінісі мықты немістер Кеңес әскерлерін алыстан жайратып отырды. Үздіксіз атылған оқ жаңбырша жауып, ұрыс ұзақ уақытқа созылды. Аңырақайдың даласында туып, таза ауасын жұтып, тау жотасында жүгіріп өскен Тастанбек бұл қоян-қолтық ұрыста ерекшелене көзге түсті. Алайда, жау мылтығының үшкір түбі Тастанбекті үш жерінен жаралайды. Бұл 1944 жылдың мамыры болатын. Осы уақытта Тастанбек Досалиев 2-Армияның айрықша ротасында бөлімше командирі, аға сержант атағын алады. Ал, 1944 жылдың маусымында Беларрусия жеріне табан тіреп, немістердің қорғанысын бұзады. Тастанбек Досалиев соғысқан рота ерекше дайындықтың арқасында жау қорғанысын бұзып, оларды жау жағы «крымские звери» деп атаған екен. Осылайша, Прибалтика жағалауына дейінгі ауылдарды жаудан азат еткен рота Кенингсбергті жаудан тазартып, жеңісті соғыс даласында қарсы алады. Содан кейін Тастанбек Досалиевті Оралдағы жаяу әскер училищесіне жібереді. Онда курсант Досалиев Сталиннің бұйрығы бойынша жараланғандар мен контузияға ұшырағандар қатарына ілініп, армиядан босатылады. Осылайша, жауды жеңіп қайтқан солдат 1946 жылы туған жерге оралады. Соғыстан кейінгі жылдарда да Тастанбек Қасабекұлы еңбектен қол үзбей, Шоқпар станциясында ауыл советінің төрағасы болады. Одан кейін 1948 жылы Красногор ауданында май заводы директорының орынбасары қызметін атқарды. Ондағы ұзақ әрі жемісті еңбегінің арқасында оны Қордай станциясының бастығы етіп тағайындайды. Осылайша, түрлі салада басшылық қызмет атқарған ол 1983 жылы зейнетке шығады. Отты жылдардағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалімен, «Германияны жеңгені үшін», «Отан соғысы» 1-дәрежелі медальдарымен марапатталған. Өмірінің соңғы жылдарына дейін Тастанбек Досалиев Отар ауылында тұрды. Отбасының ұйытқысы болып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ұл-қызына берген тәрбиесі мен үміті ақталып, балалары да ел үшін еңбек етті. Немерелерін еміреніп жақсы көрген қария әрбірінің өмірде орнын табуын армандап, сол күнге де жетті. Бүгінде соғыс ардагерінің ұрпақтары аталарының жаққан отын сөндірмей, ақыл-кеңестерін әлі күнге өмірлік азық етіп келеді.

 

Дайындаған Мадияр ҚАРАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.