Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Сағын Нұрайлым облыстық деңгейдегі үлкен шығармашылық сайыста бас жүлдені жеңіп алып, аудан абыройын асқақтатты.
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы ұйымдастырған бұл облыстық патриоттық әндер байқауы биыл қазақтың даңқты ұлы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Мен Бауыржанның ұрпағымын» атауымен өтті. Ауқымды іс-шара елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, жастардың бойында патриоттық рухты ояту және өнерлі оқушыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған.
Байқауда Нұрайлым көрнекті әнші-композитор Батырхан Шүкеновтің «Отан Ана» әнін жүрек терберлік әсермен орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Жас әншінің орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениеті, дауыс мәнері мен сезімталдығы байқау барысында көрермендер мен мамандардың көңілінен шықты.
Бұл жеңістің артында шәкіртпен бірге тер төккен ұстаздың еңбегі де зор. Нұрайлымның вокалдық қабілетін ұштап, оны үлкен сахнаға дайындаған жетекшісі – Жамбыл Нұрғалиев. Ұстаз бен шәкірт арасындағы шығармашылық үндестік бұл жолы да сәтті нәтижесін беріп, биік белесті бағындырды.
Айта кету керек, Нұрайлым аталмыш байқаудың аудандық кезеңінде де бас жүлдеге ие болып, облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Ол бұған дейін де түрлі деңгейдегі өнер сайыстарында топ жарып, шығармашылық қабілетімен көзге түсіп жүрген жас таланттардың бірі.
Жас өнерпаздың арманы – қазақ өнерінің өркендеуіне үлес қосатын тұлға болу. Оның өнерге деген талпынысы, рухани дүниеге деген іңкәрлігі – ел ертеңінің жарқын болашағынан хабар береді.
Қордайлық Нұрайлым Сағынның бұл жеңісі – аудан жастарының әлеуетін, білім мен өнерге деген құлшынысын көрсететін жарқын мысал. Біз жас дарынды қызға алдағы уақытта да шығармашылық табыс пен биік жетістіктер тілейміз!