Жаз мезгілі – табиғатпен үндесе тынығудың, ыстық күнде салқын суға түсіп, жан рақатын сезінудің кезеңі. Алайда дәл осы рақаттың ар жағында адам өміріне төнетін өте қауіпті, тілсіз жау-су жасырынып жатқанын естен шығаруға болмайды. Жыл сайын елімізде жүздеген адам суға батып жатыр,оның елеулі бөлігі – кәмелетке толмаған балалар.
Статистика — үнсіз шындық демекші, 2023 жылдың жаз айында Жамбыл облысында белгілі бір демалыс кешенінде екі жасөспірім – 2010 және 2012 жылы туған оқушылар – суға тұншығып, мерт болды. Алдын ала мәлімет бойынша, балалар ата-анасының қарауынсыз бассейнге түсіп, түскі мезгілде шомылған және бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде қауіпсіздік мәселесіне байланысты сан түрлі пікірлер мен сындар айтылды.
Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті де үнсіз қалмады. Олар бірқатар алдын-алу шараларын жариялады:
Мас күйінде суға түсуге қатаң тыйым,тек рұқсат етілген, күзетілетін аймақтарда шомылу, жанында кішкентай бала болса, оған ерекше көңіл бөлу, батып кетуге итермелейтін ойындардан аулақ болу.
Аталған қайғылы жағдайлардан кейін облыс аумағында:
Ірі демалыс орындары мен бассейндерге құтқарушылар мен медициналық қызметкерлерді орналастыру міндеттелді;
Жергілікті әкімдіктер мен білім беру ұйымдары арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді;
Мектептер мен жазғы лагерьлерде қауіпсіздік ережелері бойынша арнайы сабақтар өткізілді.Бұған қоса, суға шомылуға тыйым салынған аумақтарда ТЖД қызметкерлері рейдтік шаралар жүргізіп, түсіндіру парақшаларын таратты, арнайы ескерту белгілері орнатылды.
«Сақтансаң – сақтайды» деген халық даналығының мағынасы дәл осы жағдайларда айқын сезіледі. Адам өмірі – орны толмас құндылық. Бір сәттік немқұрайлылық ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Тынығу мен демалыс – әрбір адамның заңды құқығы,бірақ өмір мен қауіпсіздік – бәрінен биік тұратын басты басымдық, әсіресе, балалардың өмірі – қоғам мен отбасының ортақ жауапкершілігі. Сондықтан суға шомыларда әрбір адам өз қауіпсіздігі үшін саналы әрекет етіп, ережелерге бағынуы тиіс. Себебі, судың да сұрауы бар.
Аружан Қадір, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің студенті