Сапа мен сенімнің жемісі

0

Сортөбе ауылының тұрғыны, кәсіпкер Шерба Вошанло бүгінде пластикалық терезелер мен есіктер шығаратын шағын цехтың иесі. Ол үш жыл бұрын ашқан кәсібін бүгінде ешқандай жарнамасыз-ақ дөңгелетіп отыр. Шербаның айтуынша, бизнестің сәтті жүруінің басты себебі – көрсетілетін қызметтің сапасы мен атқарылатын іске деген жауапкершілік.

Шерба Вошанло 2022 жылдан бері терезе жасаумен айналысады. Алғашқыда жалдамалы жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Кейін бұл істі жақсы меңгеріп, өз қолымен жеке шеберхана ашуға бел буды. Бүгінде ауылында орналасқан шағын цехында кәсіпкердің өзінен бөлек екі шебер еңбек етеді. Алдағы уақытта кәсіп иесі жұмысшылар санын арттыруды көздеп отыр.

Команда шағын болғанымен, жұмыстың ауқымы кең. Күн сайын шамамен бес-он терезе дайындалады. Ал бір үйге арналған толық тапсырысты орындауға үш күндей уақыт кетеді екен.

ӘР КИЛЕНТ – ҚОНАҚ, ӘР ТАПСЫРЫС – АМАНАТ

Кәсіпкердің командасы әр тапсырысқа жеке көзқараспен қарайды. Олар клиенттің үйіне өздері барып, өлшем алып, тапсырыс берушінің барлық талабын ескеріп жұмыс істейді. Тек бір-ақ рет жұмыс қайта жасалған – онда да клиенттің өзі қате өлшем бергендіктен.

Шербаның өнімдеріне сұраныс тек Сортөбе ауылымен шектелмейді. Аудан орталығы секілді көрші елді мекендерден де жиі тапсырыс түседі. Оның жасаған терезе-есіктерін тек тұрғын үйлерден ғана емес, дүкендер мен мекемелерден де көруге болады.

Көбіне тұтынушылар үйдегі барлық терезені бірден ауыстыруға тапсырыс береді. Жыл мезгілдері бойынша ең тыныш кезең – қыс айлары. Алайда осы уақытта да клиенттер көктемге алдын ала тапсырыс беріп жатады.

Кәсіпкер жұмысты тек тапсырыс бойынша атқарады және әрқашан сапаға баса мән береді.

– Әр істің өз қиындығы бар. Бизнесті бастағанда, бәрі күрделі көрінді. Әсіресе, өзім жайлы ортамнан шығып, жаңа жолға түскенде. Ең үлкен сұрақ – тапсырысты қайдан, қалай табамын деген ой болды. Бірақ уақыт өте келе бұл мәселе де шешімін тапты. Себебі, бастысы – сапа. Егер жасаған терезелеріміз сапасыз болса, бүгінгі клиент ертең басқа адамды ертіп келмес еді. Сол себепті жұмысшыларға ең басты талап – тиянақтылық пен сапа, – дейді кәсіпкер.

ЖАРНАМАСЫЗ-АҚ ЖҮРЕТІН ЖАРҚЫН ІС

Шерба Вошанло осы күнге дейін жарнамаға бір тиын да жұмсамаған. Оның тұрақты клиенттері – бұрынғы тұтынушылардың ақ алғысы мен жақсы пікірінің арқасында келгендер.

– Әрбір жаңа тапсырыс иесі – келесі клиенттің келуіне себепкер. Егер біз бір тапсырыстың мерзімін кешіктірсек немесе сапасыз жұмыс атқарсақ, соның кесірінен он шақты клиенттен айырылып қалуымыз мүмкін. Абырой болғанда, ондай жағдай бола қойған жоқ. Мысалы, жақында Қордайдан тапсырыс алдық. Бұл – біздің бағытымыздың дұрыс екенін көрсетеді, – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, бизнес бастарда ең алдымен қорқынышты жеңу керек. Егер алдыңызға нақты мақсат қойсаңыз, жол өздігінен ашылады.

Шерба үшін бизнестегі ең үлкен түйткіл – білікті маман табу. Бұл салада жұмыс істей алатын кадрлар аз. Жаңа адам табу да, оны үйрету де – ұзақ процесс.

– Бір жұмысшыны табудың өзі – бір бөлек шаруа, ал оны терезе жасау ісіне үйрету – тағы да үлкен еңбек. Бұл жұмыс уақыт пен күшті талап етеді. Кейде тапсырыстың көптігінен әріптесім Расулмен бірге шығып үлгермей жатамыз. Сонда өзім де цехтағы жұмысқа кірісем. Біз әлі де даму үстіндеміз. Бірақ алғашқы кезбен салыстырғанда, мен де, менің кәсібім де жаңа деңгейге көтерілді. Клиенттер саны да күннен-күнге артып келеді, – дейді Шерба.

Кәсіпкер бәсекелестікті қорқыныш емес, керісінше, кәсіпті ілгерілететін мүмкіндік ретінде көреді.

– Біз ешкіммен жарыспаймыз. Мен секілді терезе мен есік жасайтын кәсіпкерлер көп. Бірақ уақтылы, сапалы әрі тиянақты жұмыс істеуге міндеттіміз. Бұл біздің келісімшартта да жазылған. Осы шарттарды орындау – біздің басты қағидамыз. Бәсекеге қабілетті болу үшін бір орында тұрып қалмау қажет. Қиындықтан қорықпау керек. Қателік жасасақ, одан сабақ алып, қайталамауға тырысуымыз керек, – дейді кәсіпкер.

ЖАС – КЕДЕРГІ ЕМЕС, НИЕТ БОЛСА БОЛҒАНЫ

Бүгінде Шербаның бизнесі тұрақты табыс көзіне айналды. Ол отбасының барлық қажеттілігін өтей алады. Кәсіп бастауға құлық танытқан жандарға ол мынадай кеңес береді:

– Егер сіз кәсіп ашқыңыз келсе, қорықпай әрекетке көшіңіз. Көп адам алғашқы қателіктен кейін бәрін тастап кетеді. Бірақ сол қателіктен сабақ алсаңыз, болашақта соны қайталамайсыз. Ең бастысы – өзіңізге ұнайтын, жан-дүниеңізге жақын іспен айналысу. Сонда табыс та, береке де болады.

Кәсіпкер жасқа қарап бизнес бастауға болмайды деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, кәсіпкерлік – тек жастарға ғана емес, кез келген жастағы адамға қолжетімді.

– Қазір ойыңызға келген кез келген дүниені жасап көруге мүмкіндік бар. Білім де, құрал да, ресурс та жеткілікті. Ең бастысы – нақты жоспар құрып, соны жүйелі түрде жүзеге асыру. Кәсіпкерлікке келем десеңіз, ешқандай стереотипке тәуелді болмай, әрекет етіңіз, – деп сөзін түйіндеді Шерба Вошанло.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.