Сарбаздардың қызмет мерзімі аяқталды

0

Гвардейск гарнизонындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде 700-ден астам сарбаз запасқа шығарылды.

Қызмет мерзімі аяқталған сарбаздарды запасқа шығару рәсімі салтанатты түрде аталып өтті. Салтанатты шарада әскери бөлімдердің жауынгерлік туы саптық алаңға шығарылып, еліміздің мемлекеттік әнұраны орындалды. Әскери бөлім командирлері қызмет мерзімі аяқталған сарбаздарды құттықтап, оларға алғыс білдіріп, ақ жол тіледі. Сондай-ақ ауған соғысының ардагерлері қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сарбаздар да өз кезегінде әскери бөлім басшылығына және офицерлер мен сержанттарға алғыстарын білдірді.
– Бүгін бізде ерекше күн, себебі біз Отан алдындағы борышымызды өткердік. Біз бір жыл ішінде көптеген нәрселерді үйрендік. Офицерлер мен сержанттарға алғысымды білдіргім келеді. Артымнан еріп келе жатқан інілерім мен бауырларыма айтарым біз секілді Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен өткеріңдер дегім келеді, – деді танк бригадасының сарбазы қатардағы жауынгер Бақберген Әбілханов.
Сонымен қатар, қызмет мерзімі аяқталған сарбаздарға алғыс хаттар мен фотоальбомдар табыс етілді. Олар әскери бөлімнің жауынгерлік туымен қоштасты. Шара соңында мінбе алдынан соңғы рет саптық жүріспен жүріп өтті.
Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздар жуырда үйлеріне оралады.

Гвардейск гарнизоны
баспасөз қызметінің бастығы
майор Жомарт Тажиханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.