Кейінгі уақытта аудан экономикасына өзіндік серпін беретін жаңа жобалар қарқын алуда. Солардың ішінде балық өсіруді мықтап қолға алған шаруалар туралы ерекше атап өтуге болады. Олар қажетті қорек, техника және құрал-жабдықты сатып алған жағдайда субсидия ретінде мемлекеттік қолдауды да сезінбек. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігі туралы тапсырмасының іске асуы деп те түсінуге болады.
Кәсіпкер Илгар Рзаев балық пен шабақтарды өсіруді қолға алған балық шаруашылығын басқарады. Жобалық аумағы 2,5 га болатын көлге ақ амур, дөңмаңдай, тұқы, сазанның 25 мың бас шабағы жіберілген. Жоба толық іске асқанда жылына тауарлық балықтың 25 тоннасын саудаға шығуару болады екен. Алдағы уақытта шаруашылық бекіре өсіруді жоспарлап отыр. Бұл өндірісті ұлғайтып, өсірілетін балық көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Шаруашылық мемлекеттен субсидия алуға өтінім беріп, соның көмегімен бірқатар мақсаттарға қол жеткізбек.
Бүгінгі күнге балық тәлімбағының шабақтары өңіріміздің су айдындары мен балық өсіру шаруашылықтары бойынша бөлінеді.
Көл Шу өзенінің маңында табиғи су айдынында құрылған. Су тұрақты түрде айналып тұрады, сондықтан балық таза суда өседі. Әрине, таза суда өскен балықтан табиғи таза, пайдалы өнім шығады. Балықты арнайы қорекпен тамақтандырады екен. Оның құрамына дәрумендер мен протеин кіреді.
Айта кетсек, балық шаруашылығында 5 мың аналық бас бар. Былтыр балық тәлімбағында 150 мың шабақ өсіріліп, оның 125 мыңы сатылған. Қазір 7 млн. дернәсіл күтілуде, оның ішінде 1 млн. дөңмаңдай, 1 млн. ақ амур, 5 млн. тұқы балықтары бар.
-Тауарлық балық өнідірісінің көлемін арттыру және ішкі нарықты жоғары сапалы балық өнімімен қамтамасыз ету басты жоспарымыз. Сол бағытта жұмысты жандандандыратын боламыз, — дейді Илгар Рзаев.
Болашақта балық туризімін де қолға алуды көздеп отырған шаруашылық ол бойынша су айдынында балықтың мейілінше көп түрлерінің болуы, көлдер мен жағажайдың тазалығы, балық ұстау орындарын ұйымдастыру бойынша жұмыстарды қолға алыпты.
Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі балық шаруашылықтарына барынша қолдау көрсетілетініне уәде берген. «Өңірімізде балық шаруашылығын дамыту ісінің келешегі зор. Табиғи және ауа-райы жағдайынан басқа айтарлықтай плюс – мемлекеттік қолдау бар. Үкімет 2030 жылға дейінгі арнайы бағдарлама әзірледі. Балық өсіруді қолға алған шаруалар үшін түрлі субсидия қарастырылған. Оған қоса, облысымызда кеңес заманында бастау алған балық шаруашылығының игі дәстүрлері сақталған», — деген еді Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер бірігіп, қауымдастық құру қажеттілігін алға тартты. Бұл іс-әрекетті үйлестіріп, туындайтын мәселелерді бірігіп шешуге септігін тигізетін болады.
Қанат БІТІКОВ