ШҰҒЫЛ ШЕШІМ ҚАЖЕТ

0

Бейсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаев Масаншы және Ауқатты ауылдық округтеріне жұмыс сапарымен шығып, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 және Қызылсай ауылдарында болды. Естеріңізге сала кетсек, үстіміздегі жылдың басында өткен аудан және ауыл әкімдерінің есепті кездесулерінде ауыл тұрғындары шешімін күткен өзекті мәселелерді басшылықтың назарына ұсынған болатын. Осыған байланысты өткен аптада ауылдарды аралаған Мәден Тоқтарбайұлы бірінші кезекте ауыз су мәселесіне ден қойып, Күнбатыс-2 ауылындағы су жинайтын ғимараттың жағдайымен таныса келе, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма беріп, жауап алды. Мысалы, аудан әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Амантаевтың айтуынша, қазіргі таңда ауылға қажетті жаңа сумен қамту желісінің жобасы сараптамадан өтуде. Демек, Күнбатыс-2 ауылындағы ауыз су мәселесі жақын арада өз шешімін таппақ. Айта кетсек, есепті кездесуде ауыл азаматтары ауыз судың жетіспеушілігі жаз айларында қатты байқалатынын алға тартып, аудан басшылығына шағымын айтқан болатын.
Осыдан кейін аудан әкімі ауыл тұрғындарымен бірге ауыл көшелерін аралап, жолдың жағдайын бақылады.
Дәл осындай ауыз суға байланысты проблема көршілес Күнбатыс-1 ауылында да бар. Мұнда жаз айларында жер асты суларының деңгейі күрт төмендеп, су тапшылығы анық байқалады. Мәселенің мән-жайын анықтауға бел буған аудан әкімі жөндеу жұмыстарын қажет еткен су жинайтын ғимараттың жағдайымен танысып, бұл мәселені жеке бақылауына алды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары балалардың бос уақытын тиімді өткізу мәселесін көтерді. Ауыл ақсақалдары шағын футбол алаңы мен балаларға арналған ойын алаңшасын салу қажеттілігін алға тартты.
«Шағын футбол алаңын салу бойынша бос уәде бергім келмейді, ал ойын алаңшасын салу мәселесін қарастыруға болады. Жақын арада құрылыс жүргізілетін алаңды анықтап, құжаттарды рәсімдеуді бастау қажет», — деді ауыл тұрғындарын мұқият тыңдаған аудан әкімі.
Келесі кезекте аудан басшысы Ауқатты ауылдық округіне қарасты Қызылсай ауылына барды. Бұл елді мекен тұрғындары суды ашық бұлақ көздерінен алады. Жазда мұнда да ауыз судың жетіспеушілігі қатты сезіледі.
«Шешімі кезек күттірмейтін мәселелер бар, жауапты тұлғаларға проблеманы мұқият зерделеп, оларды шешу жолдарын ұсынуды тапсырамын», — деді Мәден Тоқтарбайұлы.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.