Шабындықта шаруа қызу

0

«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, ауданымыздағы мал өсіретін шаруалар шөп шабу жұмыстарына мықтап кіріскен. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл аудан бойынша 267200 тонна шөп, 16 мың тонна сүрлем, 15 мың тонна пішендеме дайындау жоспарланған.

Жоғарыда айтқанымыздай алдағы қысқа түсетін малға қажетті азық дайындауда ауданымыздағы шаруа қожалықтары ширақтық танытуда. Мәселен, Бетқайнар ауылдық округінде мал азығын дайындауға бірінші болып «Нұр-Ал» ЖШС кіріскен. Серіктестік басшысы Д.Онгелдиевтің айтуынша, биыл шаруашылықта 2000 тонна пішендеме дайындау жоспарланған. Бүгінгі күнге агроқұрылым 100 гектар жоңышқа орып, 200 тонна пішендеме дайындап үлгерген.

Дәл осындай шөп шабу науқаны Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Благовещенка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де жүзеге асырылуда. О.Варшакидзе басқаратын серіктестік алқаптарынан 100 тонна шөп, 600 тонна пішендеме дайындалған. Мал шаруашылығына ден қойған агроқұрылым сүт бағытындағы ірі қара мал өсіруді қолға алған. Сол себепті шаруа әрбір күнді қалт жібермей, мал азығын жеткілікті көлемде дайындауды көздейді.

Жамбыл ауылдық округінен орын тепкен «Береке» шаруа қожалығының (басшысы Т.Жанаев) шабындығына да шалғы түскен. Мал азығын дайындауға білек сыбана кіріскен мамандар әзірше алғашқы үш мың түк шөбін дайындап үлгерген.

«Қысқа қажетті мал азығын қажетті мөлшерде дайындап үлгеруіміз тиіс. Жоспарланған межеміз шөпті жиырма мың түктен асыру. Бүгінде шөпті шауып, кептіріп, жинап жатырмыз, — дейді қожалық өкілдері.

Естеріңізге сала кетсек, биыл аудан бойынша ораққа түсетін барлық шабындық жерлердің көлемі 50265 гектарды құрайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.