СПОРТ АЛАҢШАЛАРЫ САЛЫНЫП, ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛУДЕ

0

Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, әл-ауқатын арттыру – мемлекет саясатының басты мақсаты. Мемлекет басшысы соңғы жылдары, әсіресе, ауылды жерлерді дамытуға басымдық беруде. Бұл тұрғыда Қордай ауданының елді мекендерінде атқарылып жатқан ілкімді істер аз емес. Бүгінгі мақаламызда солардың бірқатарына тоқталып өтуді жөн көрдік.

2 сәуір күні Қаракемер ауылдық округінің  азаматтары бір кісідей жұмылып, өз қаражаты есебіне,  ауылішілік  көшелерге және шалғай жатқан Керу ауылына баратын жолды жөндеу жұмыстарына қатысып, игілікті іс атқарды. Ауылдық округ әкімі Р.Алыбаев, «Ауыл» партиясынан аудандық  депутаты Ж.Манасбаев бастаған ауылдың өзге де белсенді азаматтары ойық-ойық болып тозығы жеткен жолдарға қиыршық тас төсеп, тегістеу жұмыстарын жүргізді. Жол жөндеу жұмыстарына онға жуық Газ-53, төрт камаз және бір жүк тиегіш техникалары жұмылдырылды.

Отар ауылдық округінде де жанды жадыратар жаңалықтар баршылық. Мәселен, Отар ауылындағы Кебекбай шешен көшесінде орналасқан ойын алаңына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарына жауапты «DMD» ЖШС алаңшаға жарақатқа қарсы арнайы резеңке жабынын төсеп, қоршауын ретке келтіріп, өзге де абаттандыру жұмыстарын қолға алды. Сондай-ақ, ойын алаңының бір бөлігіне ауыл жастарын спортқа баулу мақсатында стрит-воркаут  алаңшасын орнатты. Отар ауылында жуырда су құбыры желілерінің құрылысы аяқталған болатын.  Құрылыс жұмыстарын жүргізген «Қордай Групп» ЖШС-гі Абай, Кебекбай, Жамбыл көшелеріндегі қазылған ойық-шұңқырларды көміп, тегістеп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.

Ауқатты ауылдық округінің құрамына кіретін Бәйтерек ауылында шағын футбол алаңы, стрит-воркаут және үстел теннисі алаңшасының құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарын «Kazstroi.kz» ЖШС жүргізуде. 6 сәуір күні басталған жұмысты мердігерлер айдың соңына қарай аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл ауыл жастарының спортпен шұғылдануына тамаша мүмкіндік болмақ.

Бетқайнар ауылында тозығы жеткен ауылішілік жолдар кезең-кезеңімен жөндеуден өтуде. Былтыр Қожантаев және Жеңіс көшелеріне асфальт төселсе, биыл  Қазақстан, Төле би және Қарасу көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, ауылдық округ құрамына кіретін Соғанды ауылында су жүйесінің құрылысы жүріп жатқанын да айта кеткен жөн. Елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары округ әкімінің тікелей бақылауында.

Қордай ауылына кіре берісіндегі Тараз қаласына бұрылысында жөндеу жұмыстары өтті. Осы жол қиылысындағы ойық-шұңқырға көлік жүргізушілері жиі шағымданатын.

 «Қазавтожол» ҰК АҚ республикалық маңызы бар барлық автожолдардағы шұңқырларды жамап, жұмысты сапалы жүргізеді деп сенеміз.

Аудан басшысы тасжолдардағы жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуін тапсырған болатын. Редакция тілшілері жалпы жолдарды жөндеу жұмыстарына бақылау жүргізіп, халыққа жеткізіп тұрады.

Бұлар батыр ауылында ұялы байланыс және интернет мәселесі көптен бері шешімін таппай келе жатқан сұрақтардың бірі. Аудан әкімі осы мәселені  бақылауына алып, ауылға ұялы байланыс мұнарасын орнатуды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда «Beeline» компаниясының өкілдері ұялы байланыс мұнарасын орнату орнын анықтады. Енді компания ұялы байланыс мұнарасын орнату жұмыстары рұқсат беру құжаттары бекітілгеннен кейін жақын арада басталатынын мәлімдеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.