Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде «Жұмысшы мамандықтардың жылы» деп жарияланды. Бұл бастама — ел экономикасының іргесін нығайтып отырған еңбек адамдарына көрсетілген зор құрмет. Аталған игі бастама аясында Қордай өндірістік бөлімшесінде ұзақ жылдар бойы абыроймен еңбек етіп келе жатқан Қажымұқан Әбенов сынды жандарды үлгі ету – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
Қажымұқан Әбенов — ауыл шаруашылығының маңызды саласы саналатын су шаруашылығына саналы ғұмырын арнап келе жатқан ардақты азамат. Ол 1966 жылы қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып өскен ол 1981 жылы 8 жылдық мектепті тәмамдап, сол жылы Шымкент қаласындағы Гидромелиоративтік құрылыс техникумына оқуға түседі. Арнайы білім алғаннан кейін, еңбекке араласуға бел буған Қажымұқан Кеңес әскері қатарына шақырылып, 1987 жылы елге оралады.
Әскер қатарынан кейін туған өлкесіне оралған ол су шаруашылығы саласында табан аудармай еңбек етіп келеді. Биыл осы саладағы еңбек жолына 37 жыл толып отыр. Қазіргі таңда Қордай өндірістік бөлімшесіне қарасты Қайнар мен Сарыбұлақ ауылдық округтерінде гидротехник қызметін атқарып келеді.
Көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2020 жылы Қажымұқан Әбенов «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, 2024 жылы 25 қазан — Республика күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденіне ие болды. Бұл – оның салаға сіңірген адал еңбегінің нақты жемісі.
Қажымұқан аға – отбасының тірегі, өнегелі әке. Бүгінде 2 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отыр. Балаларына берген тәрбиесі мен өзінің адал еңбек жолы — өскелең ұрпаққа үлгі.
Су – тіршілік көзі десек, сол суды тиімді игеріп, ел игілігіне жаратып жүрген Қажымұқан Әбенов сынды еңбек адамдарының орны қашан да ерекше. Оның өнегелі өмір жолы мен кәсіби шеберлігі — «Жұмысшы мамандықтардың жылы» аясында лайықты бағалануға тиіс нағыз еңбек ерлігінің көрінісі.
Айпері ИЗБАСАР, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 1 курс студенті, «Конвергентті журналистика факультеті»