Тұмау – бұл инфекциялық вирусты ауру. Аурушаңдық науқас адамнан дені сау адамға ауа-тамшылы жолмен беріледі. Вирус сілекей мен шырыштың микробөлшектері арқылы жөтелгенде және түшкіргенде сыртқы ортаға таралады.
Тұмаумен ауырған сәттен бастап аурудың белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. Тұмаудың негізгі белгілері: әлсіздік, қатты бас ауруы, көз алмаларының қозғалысы кезінде ауырсыну, қалтырау, ауырлық дәрежесіне байланысты дене температурасының 38-40 градусқа дейін көтерілуі, бұлшықеттер мен буындардағы ауырсыну, мұрынның бітелуі, тамақтың қышуы, терлеу, жөтел. Аурудың ұзақтығы 5-10 күн аралығын қамтиды.
Тұмаудың белгілері пайда болғаннан бастап дереу үйге дәрігер шақырту қажет. Үй жағдайында өздігімен ем қабылдау қауіпті. Тұмаудың салдарынан вирусты және бактериалды пневмония, отит, гайморит, менингит, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өте ауыр жағдайларда жиі өліммен аяқталады.
Респираторлық инфекциялардың жаппай таралуы кезінде көпшілік жиналатын жерлерге бармауға, көбірек жаяу жүрген абзал. Әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде тағып, қолды жиі жуып, антисептиктерді қолдану қажет. Күнделікті тамақтану рационына «С» дәруменіне бай көкөністер мен жемістерді қосу қажет.
Тұмаудың клиникалық ағымы пневмония, бронхит тәрізді түрлі асқынулармен, сондай-ақ, жүрек қантамырларының, жүйке жүйесіндегі, созылмалы аурулардың асқынуымен жалғасады. Тұмау әсіресе, өмірге жаңа келген сәбилер, егде жастағы кісілер мен әлсіз адамдар өмірі үшін қауіпті. Статистика бойынша тұмау кезінде асқыну жағдайлары әрбір 10-шы науқаста ұшырасады.
Әлемдегі тұмаудан сақтанудың негізгі жолы — вакцинация. Жыл сайын тәуекелділігі жоғары барлық топтарда(медицина қызметкерлерін, медициналық ұйымдарда медициналық бақылауға жататын балаларды, алты айдан асқан көп ауыратын балаларды, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйлері балаларын, медициналық-әлеуметтік мекемелердің (ұйымдардың) қызмет алушыларын, жүктіліктің 2-ші немесе 3-ші триместрінде жүкті әйелдерді, жүрек — қантамырлық жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар және эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша жыл сайын тұмауға қарсы вакцинациялауға жататындар) вакцинация жүргізіледі.
Есіңізде болсын, тұмаудың және оның асқынуының алдын алудың сенімді әдісі – вакцинация. Тұмауға қарсы вакциналар қауіпсіз және тұмаудың асқынуын алдын алу жолында жоғары тиімділікке ие болып табылады.
Тұмаудың алдын алу үшін таңертеңгі және кешкі уақытта бетті суық сумен жуып, кешке қарай аяқты жылы суға салса, ағзаның ауруға қарсы күресу қуаты артады. Тамақтан кейін ауызды тұзды сумен үнемі шайып жүрсе, ауыз қуысындағы бактерияларды жояды. Қыс және күз мезгілінде дене шынықтырып, күнделікті бой жазып, таза ауада серуендеп, дененің суыққа қарсылық қуатын жоғарылатса, тұмаудың алдын алуға болады. Күнде таңертең терезені 30 минуттай ашып, бөлменің ауасын тазартып отыру қажет.