«ТӘРТІПСІЗ ЕЛ БОЛМАЙДЫ…»

0

Сейсенбі күні аудан әкімдігінде аудандық полиция бөлімінің басшысы Мақсат Ережепов атқарған жұмысы жайында есеп берді. Әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде өткен жиынға аудан әкімі Рүстем Дәулет, полиция бөлімінің қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.

Жалпы, тәртіп сақшыларының атқарған жұмысының тиімділігі нақты деректерге сүйене отырып бағаланатыны белгілі. Сол себепті құқық қорғау органдары жұмыс тиімділігін айқындап, мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында назарларыңызға бөлім тарапынан ұсынылған ақпаратты ұсынуды жөн көрдік. Расында, өткен жыл ешкімге де оңайға соққан жоқ. Дейтұрғанымен, аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сай қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу, оны ашу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілген. Мысалы, 2020 жылы 567 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 668-ді құраған. Алайда, осы тұста қылмыстарды ашу деңгейінің де төмендегенін айта кеткен жөн. Яғни, 2019 жылы бұл көрсеткіш 68,5 пайызды құраса, 2020 жылы 53,3 пайызға түсіп кеткен. Сондай-ақ, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 42,5 пайызға ұлғайып, аса ауыр қылмыстар саны 13-тен 42-ге дейін, яғни 223,1 пайызға өскен. Денсаулыққа қасақана зиян келтіру қылмыстарының саны да 3-тен 9 дерекке ұлғайыпты. Алайда, аудандық полиция бөлімі басшысының айтуынша, бірқатар қылмыстар бойынша оң өзгеріс байқалады. Мәселен, 24 кісі өлтіру дерегі түгел ашылып, қылмыс түрін ашу 100 пайызды құраған. Сондай-ақ, зорлау қылмыстарын ашу 100 пайызға жеткен. Зорлау деректері 4-тен 6 дерекке ұлғаюына қарамастан кінәлі тұлғалар анықталып, жауапқа тартылған. Ұрлық мәселесіне келер болсақ, бұл қылмыстың 25,4 пайызға төмендеген.

Мал ұрлығы бойынша ашу деңгейі 52 пайызға жетіп, тәртіп сақшылары бұл істі кәсіп еткен бірнеше ұйымдасқан криминалды топты құрықтаған.

«Мал ұрлығы бойынша тұрғындардың өздері қырағылық танытса деген тілек бар. Тұрғындардың малын жайылымға шығарып жіберіп, бақылаусыз қалдыратыны жасырын емес. Сондықтан, округ әкімдері ауыл ақсақалдарымен бірлесе ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Полицейлер өз міндеттерін атқарады, дегенмен малдың иесі жауапкершілікпен қарап, малына ие болғаны абзал», — деп аудан әкімі Рүстем Дәулет өз ұсынысын жасады.

Сонымен қатар, ауданымызда тонау сынды ауыр қылмыстың өсуі байқалуда. Бүгінде 10 дерекке жеткен бұл қылмыстың ашылу деңгейі 2019 жылы 75 пайызды құраса, 2020 жылы 55,6 пайызға төмендеген. Жыл басынан 8198 әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, олар бойынша 41 млн 29 мың теңге айыппұл салынып, мемлекет пайдасына өндірілген. Сонымен қатар, аудан жолдарындағы жағдай мәз емес. 2020 жылдың 12 айында аудан аумағында 83 жол-көлік апаты тіркеліп, салдарынан 27 адам қаза тауып, 116 адам түрлі дене жарақатын алған.

Баяндама барысында аудан әкімдігі тарапынан полиция бөліміне көрсетіліп жатқан көмек жөнінде де айтылды. Мәселен, аудан әкімдігі тарапынан бейнебақылау камералары орнатылса, жергілікті атқарушы органдар полиция қызметкерлерін автокөліктер мен тұрғын үймен қамтамасыз етуге қолғабыс етуде. Мақсат Ережепов жұмыста жіберілген кемшіліктерді айтып, тиісті жұмыс атқаруға уәде берді. Өз кезегінде аудан басшысы учаскелік полиция инспекторлары мен тұрғындар және округ әкімдерінің өзара қатынастарын жақсарту бойынша бірқатар ұсыныс енгізді. Мәселен, үздік учаскелік полиция қызметкерлерін анықтау бойынша байқау ұйымдастырып, елді мекен тұрғындары оң бағасын берген полиция қызметкерлерін марапаттау ұсынылды. Сонымен бірге аудан әкімі тұрғындармен тығыз жұмыс жасаудың маңыздылығын атап өтті. «Тұрғындар полицейлерді қорғаушы деп таныса, жұмыс айтарлықтай жеңілдейді», — деді аудан басшысы. Өз кезегінде М.Ережепов жұмыстарын күшейтетінін айтып, есепті кездесу барысында енгізілген ұсыныстарды қолдады.

 

Серғазы Манасбаев

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.