«ТӘРТІПТІ ӨЗІҢНЕН БАСТА!»

0

Дүйсенбі күні Отар ауылдық мәдениет үйінде «Тәртіпті өзіңнен баста!» тақырыбында форум өтті. Оны Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жүргізді.

Жиынға Гвардейский гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Дінмұхамед Спатайұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков, сондай-ақ мектеп директорлары, олардың орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар, психологтар, оқушылар, полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.

Форум барысында заңдылық пен тәртіпті, жастардың құқықтық сауатын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдар, отансүйгіштік, зиянды әдеттерден аулақ болу турасында келелі ойлар мен ұсыныстар айтылды.

«Бүгінгі форум жас ұрпақты заң мен тәртіпті құрметтеу рухында тәрбиелеуге, заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді деп сенемін», – деген жиын модераторы Дамира Сүгірбай алғы сөзді Гвардейский гарнизонының әскери прокуроры Дінмұхамед Спатайұлына берді. Әскери прокурор жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы турасында сөз қозғады.

Одан кейін сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет: «Тәртіп пен жауапкершілік әр адамның өзінен басталуы керек. Үлкендер жастарға үлгі көрсетуі тиіс», – деді.

Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков өз сөзінде: «Қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылық – әр азаматтың саналы әрекетіне байланысты», – деп атап өтті.

Жиын барысында жастарға арналған мотивациялық бейнероликтер көрсетіліп, есірткіге қарсы күрес, интернет-алаяқтық және жол-көлік оқиғалары туралы арнайы видеоматериалдар ұсынылды.

Отар ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы Т.Сатыбалдиева отбасындағы тәрбиенің маңызына, балаларды дұрыс бағытқа бейімдеу – ата-ананың міндеті екендігіне тоқталды.

Келесі кезекте Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданы білім бөлімінің тәрбие жұмысының әдіскері А.Қонбаева ортаға шығып: «Мектеп пен ата-ана тығыз байланыста жұмыс істегенде ғана балалардың саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ете аламыз», – деп атап өтті.

Форумға қатысушылар тақырып аясында пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Қорытынды сөзді алған Гвардейский гарнизонының әскери прокуроры Дінмұхамед Спатайұлы бұл форумның қоғам үшін өзектілігін атап өтіп, тәртіп орнату тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін айтып, жиынды түйіндеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.