Қордай ауылы – аудан аумағындағы қарқынды дамып келе жатқан елді мекендердің бірі. Мұнда халық саны күннен-күнге артып, жақын маңдағы ауылдардан да тұрғындар жиі келіп-кетеді. Ауылдың басты көлік күрежолы – Төле би көшесі. Бұл көше – мектепке, балабақшаға, емхана мен орталық базарға асыққан тұрғындардың негізгі бағыты. Сондықтан Төле би көшесінің келбеті – бүтін бір ауылдың бет-бейнесі десе, артық айтқандық емес.
Соңғы жылдары бұл көшенің инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұған дейін жолдың жүру бөлігіне асфальт төселіп, жаңа жаяу жүргінші жолы салынған болатын. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда – асфальт жабынының жиегі бекітіліп, жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар абаттандырылуда. Сонымен қатар, көлік жүргізушілерінің қолайлығы үшін автотұрақтар да салынуда.
Бұл – тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Жоба Қордай ауылының заманауи әрі халықтың сұранысына сай инфрақұрылымын қалыптастыруға негізделген.
Құрылыс жұмыстары «Отан Group KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Компанияның мұндай істерде тәжірибесі мол, техникалық әлеуеті де жеткілікті. Жұмыстар белгіленген кестеге сай, сапалы материалдар мен заманауи арнайы техника көмегімен жүргізілуде.
Ауыл тұрғындары жобаның уақытында аяқталып, нәтижесі ұзақ мерзімге жарамды, қауіпсіз әрі ыңғайлы болады деп үміттенуде. Инфрақұрылымды дамыту – елді мекеннің өмір сүру сапасын арттырудың бірден-бір жолы екені анық.
Айта кетейік, Төле би көшесін жөндеу жұмыстары аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылуда.