ТӨЛЕ СҮГІРБАЙ: «ЖАҚСЫ АДАМДАР ЖОЛЫМДЫ АШЫП ОТЫРДЫ»

0

Халқымызда «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген даналық сөз бар. Осындай көпті көрген, көкірегі ояу, сөзі сара қариялардың бірі — өзі жарты ғасырдан астам еңбек сіңірген Қордай ауданының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Төле Аманжолұлы Сүгірбай. Жасы сексеннің екеуіне иек артса да ол қимылы ширақ, сөзі сергек қалпында ауданның қоғамдық-саяси өміріне әлі де белсенді араласып келеді. Төменде Төкеңнің өмір кезеңінің әр белестері бойынша көңілге түйген ойларын сұхбат ретінде беріп отырмыз.
-Әңгімені балалық шағыңыздан бастасақ. «Балалық махаббат», «балалық арман» деп жатамыз. Кейбір адамдардың бала күнгі алға қойған мақсаты кейіннен өмірінің өзегіне айналады емес пе. Көкейіңізді тескен сондай бір арман болды ма кезінде? Сіздің мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ерекше зеректігіңізбен, оқуда алғырлығыңызбен танылып, мектепті күміс медальмен бітіргеніңізді білетін едім.
— Біздің балалық шағымыз ел басына ауыр күн туған сұрапыл соғыс кезіне тұс келді. Жеңістен кейін де соғыстың тақсіреті ел тұрмысында ұзаққа дейін сезіліп тұрды. Біріне тартса, біріне жетпейтін жадау тірлік. Ес жиып, оң-солымызды тани бастағанда Қаракемер жетіжылдық мектебінің табалдырығын аттадым. 1958 жылы мектеп бітіргенде, орыс әдебиетінен ғана «4»-і бар күміспен жалатылып жазылған аттестатпен қалаған оқуға емтихансыз түсе алатын едім. Арманым жоғары білім алып, өзім сүйетін математика пәнінің мұғалімі болу. Қолыма қалам ұстатып әріп танытқан алғашқы ұстазым Нұршида Хамитовадан бастап, сауатты оқып, жазуды, сөйлеуді үйреткен, математика әлемінің тылсым сырларына баулыған Еламан Нұрпейісов, Орынбай Төстікбаев, Зағипа Құстүтінова, Исабек Әдікеев сынды ұстаздарымның үлгі-өнегесі мені осы жолға жетелей берді. Тай құлындай тебісіп бірге өскен Еділбек Омаров, Садық Далдаев, Ноғай Жайықбаев, Зинагүл Саржанова, Сағын Әубәкірова, Иенберген Қасабаев, Рыскелді Кембаев, Асқар Ормақаев, Жәнібек Жарғожаевтай сыныптастарымды да алға сүйреген ізгі армандары асқар таудай еді. Бірақ, сол жылдары «мектептің өмірмен байланысын нығайту» деген ұранмен мектеп түлектері туған ауылдарында еңбекке араласа бастады. Мен де колхозда бір жылдай жұмыс істеген соң, Алматыдағы Абай атындағы пединституттың математика факультетіне сырттай оқуға түстім.
Жалпы, менің өмір жолымда жаны жайсаң жақсы адамдар көп кездесті. Ұдайы жолымды ашып отырды десем болады. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Нұрқасым Сырлыбаев Ұлы Отан соғысының ардагері, пейілі кең, жаны жайсаң кісі еді. Мені күні кеше ғана мектеп бітірді, жоғарғы оқу орнына жаңа ғана түскен деп олқысынбай Күнбатыс мектебіне математика пәнінің мұғалімі етіп жіберді. Екі жылдан соң өзім оқыған Қаракемер мектебіне ауыстырды. Арманым осылай біртіндеп жүзеге асып келе жатты. Аға ұстаздардан тәлім ала жүріп, теориялық дайындығымды тәжірибемен байытып, бар ынта-жігерімді сала жұмыс істедім. Осылай көзге түссем керек, 1963 жылы оқу ісінің меңгерушісі, ал, 1968 жылы Қаракемер сегізжылдық мектебі орта мектепке айналғанда, мен оның алғашқы директоры болып тағайындалдым. Бұл қызметім де жемісті болды, мектебіміз екі-үш жылдың ішінде облысқа танылды. Оқушыларымыздың білімі мен тәрбие сапасы, кабинеттік оқыту жүйесінің және мектеп пен ата-аналар байланысының нығайтылуы, білім ошағының ішкі-сыртқы тазалығына дейін жоғары бағаланып өзгелерге үлгі ретінде ұсынылды. Тіпті, Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институты озат тәжірибелерімізді зерттеп, насихаттауға мамандар тобын арнайы жібергені де бар. Әрине, мектептің жетістіктері сол тұста тізе қоса бірге қызмет атқарған Р.Тоқабаева, А.Қампитов, Ш.Аманбаева, Г.Қорабаева, Ә.Сағынбеков, К.Қосшығұлова, Г.Райқұлова, Ә.Барманбекова тәрізді мамандығын сүйген кәнігі әріптестерімнің еңбегі арқылы келгенін әр кезде ризашылықпен еске алып отырамын.
-Директор болған сегіз жылда мектепті де өсірдіңіз, өзіңіз де өстіңіз. Мектеп басшыларының съезі, математика пәні мұғалімдерінің конференциялары тәрізді алқалы жиындарға бірнеше мәрте қатысыпсыз. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін алып, облыстық, аудандық деңгейдегі марапаттаулардан да кенде болмапсыз. Әуел бастан арман болған ұстаздық қызмет өміріңіздің мәніне айналып, алдағы бар ғұмырыңыз осынау ізгі мамандыққа арналарына ешкім шүбә келтірмеген шақта, күтпеген жерден партиялық қызметке ауысып кеттіңіз. Бұл қалай болды өзі?
-Себепсіз салдар жоқ демей ме. Мен мектеп басшысы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрдім. Колхоз парткомы хатшысының орынбасары, ауылдық кеңес төрағасының орынбасары, ауылдық кеңес депутаты, аудандық партия конференцияларына делегат болдым. Насихатшылық, лекторлық жұмыстарды да қоса атқарып, мінберлерде көбірек көрінетінмін. Солай көзге түсіп жүріп аудандық оқу бөлімінің меңгеруші, ұстаздарға ұстаз болған Н.Сырлыбаевтың зейнетке шығатын мерзімі жақындауына байланысты оның орнына үміткер кадрлық резервке де алынған едім. Күндердің күнінде, 1976 жылы шілде айында қырғыз телевизиясы екі елдің достығы тақырыбында телехабар ұйымдастырды. Студияға сол кездері Тоқпақ қаласындағы мектептердің бірімен достық байланыс орнатқан біздің мектептің өнерпаздары, оның басшысы ретінде мен және аупарткомға бірінші хатшы болып жаңадан тағайындалған Берден Байқошқаров шақырылдық. Тікелей эфирде екеумізге де сөз берілді. Бәлкім, сол жолы менің телекамера алдында мүдірместен еркін сөйлегенім де әсер еткен болуы керек, үш күннен кейін аупарткомның бюросына шақырылдым. Бірақ, аудандық оқу бөліміне емес, аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлміне меңгеруші болып бекітілдім.
Көпұлтты ауданымызда орыс тілі басымдық алып тұрған кез еді. Қазақ тілінде білім алып, қазақ мектебінде жұмыс істеген маған орысша жазып-сөйлеу бастапқыда оңайға соқпады. Бірақ, ішкі талпыныс, партиялық жауапкершілік, оның үстіне сұсты да, қатал бірінші хатшының талабы барлығына тез бейімдеді. В.Приезжев, В.Корниенко, С.Кириченко тәрізді аупарткомның бөлім басшыларының көмек қолдауымен екі-үш айда ысылып шыға келдім. Біздің бөлім үгіт-насихат жұмыстарымен қатар, ауданның білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, сауда, тұрмыстық қызмет, кинофикация, аудандық газет, баспахана тәрізді салаларының жұмысын қадағалайтын. Бұл салалардың барлығы да ол кезде Б.Агапов, Б.Доев, Т.Шамрай, Э.Орт, Ш.Усманов, Г.Осипов, А.Андреев, Н.Үкібасовтардың білікті басшылығының арқасында облыстық, республикалық, қайсыбірі, тіпті, бүкілодақтық социалистік жарыстарда жеңімпаз атанып жүрді. Жалпы, партиялық жұмыстарда болған алты жылда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Бектұрғановтан, үшінші хатшы Ғ.Бибатыровадан, бөлім меңгерушілері А.Титовтан, Ж.Бодановтан үлкен үлгі-өнеге және қамқорлық көргенімді, қатал да болса аупарткомның бірінші хатшысы Берден Байқошқарұлының әділ бағасын алып, қолдау көргенімді ризашылықпен айту парызым.
— Өмірдің жолы сан тарау. Ол сенің қалауыңа, алдын ала кесіп-пішкеніңе бағынбай осылай бұра тарта беретін кездері аз емес. «Бәлкім кейінірек сүйікті ісіме қайта оралармын» деген үміттің жетегінде жүргенде қаншама жылдар артта қалды. 1981 жылы аупарткомның бюро мүшелігіне сайлана отырып, партиялық жұмыс және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, бір жылдан соң аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып бекітілдіңіз. Партбилеттің қадірі ар-ожданмен бағаланатын ол кезде коммунистік билік буындарында қызмет ету адалдық пен зор жауапкершілікті талап ететін. Басқару жүйелері тез өзгере бастаған тоқсаныншы жылдардың басында сіздің еңбекшілер депутаттары аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық кеңес төрағасының орынбасары ретінде өтпелі шақта ауданның іргесін шайқалтпай, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға қосқан үлесіңіз аз болмады.
— Б.Байқошқаров, Ө.Байгелді, А.Шупта, Қ.Уәли — ел тәуелсіздігінің елең-алаңында кезегімен ауданды басқарған бұл кісілердің Қордайға сіңірген еңбегі зор. Олармен өзара түсіністікте ортақ шаруаның орайын келтірген кездеріміз аз емес. Талапшыл да қатал Бекеңнің, адамның іскерлігін жазбай танитын Өмекеңнің ел басқару тәсілдеріне ден қойып, қажетті жерде орнымен қолдана білуге, адами жақсы қасиеттерінен үлгі алуға тырысатынмын. Ел басқарудың әкімдік жүйесі енгізілгеннен бастап аудан әкімі болған Қ.Уәлимен тоғыз жыл, марқұм Б.Әденмен екі, М.Жолдасбаевпен үш, І.Тортаевпен екі жыл қызметтес болғанда да бір жағы олармен әріптес, бір жағы ақылшы дегендей талай іргелі істердің басы-қасында бірге жүрдік.
— Ал, 1994 жылдың сәуірінен жаңа өкілді орган — аудандық мәслихаттағы он сегіз жылдық қызметіңіз басталды.
— Иә, соның алдында ғана еңбекшілер депутаттарының аудандық, қалалық, облыстық кеңестері таратылып, олардың орнына жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы жаңа заңға сәйкес мәслихаттар – депутаттар жиналысы өмірге келген болатын. Жаңадан сайланған 23 депутаттың бірауызды қолдауымен оның хатшысы болып сайландым. Содан бастап мәслихаттың төрт шақырылымының депутаты және хатшысы болып сайланып келдім. Мәслихаттардың шын мәнінде халық сайлаған өкілді орган екенін дәлелдеу, депутаттардың белсенділігін көтеру, халық сенімі мен аманаттарын ақтау басты міндетіміз болды. Депутаттар корпусын осы мақсатқа жұмылдыра отырып, аудан басшыларымен бірге өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге, экономикасын көтеруге күш салдық. Негізгі жұмыстарын атқара жүріп қоғамдық өмірге белсене араласқан Гвардейскдегі Ғылыми зерттеу институтының директоры, ғылым докторы, профессор С.Мамадалиев, мұғалімдер кәсіподағының төрайымы Ф.Байбекова, кәсіпкер Т.Подшибякина, ауданның бас дәрігері Э.Заманов, мектеп директорлары Қ.Қыпшақбаева, Г.Айтқұлова, мұғалім М.Хуров тәрізді әр аймақтан сайланған депутаттарға арқа сүйеп атқарған қыруар жұмыстарымен аудан мәслихаты жұртшылық арасында үлкен бедел мен зор сенімге бөленген болатын. Мәслихаттың жұмысын жандандыруда, депутаттардың рөлі мен белсенділігін көтеруде аудан әкімімен арадағы қарым-қатынастарды дұрыс ұйымдастыра білу де маңызды. Менің бағыма Қ. Уәли мен М.Жолдасбай, олардан кейін аудан тізгінін қолға алған І.Тортаев та өзара сенім мен түсіністікте жұмыс істеудің мәнін жете түсініп, депутаттардың ұсынысына сергек қарап, қордаланған мәселелерді ақылдаса отырып бірге шешудің арқасында талай істі тындырған болатынбыз.
Мәселен, облыстық мәндегі отыз шақырымдық «Қаракемер — Қарасай» тас жолының салынып, кейіннен асфальт төселуіне көп күш жұмсалды. Шалғай түкпірде орын теуіп, жан-жағымен ежелден-ақ Қырғызстан арқылы қатынасып келген, кейіннен екі ел арасында шекара пайда болғалы жол тауқыметін тартып жатқан бүтін бір ауылдық аймақ тұрғындарының мәселесі күн тәртібінде шықты. Бұған дейінгі асығыс салынған тас жол шұқанақ тастары сойдиып көлікпен жүруге жарамсыз күйге жеткен болатын. Оны жөндеу аудан, тіпті облысқа ауыр салмақ. Ал, республикалық бюджеттен қалай қаржы бөлгізу керек? Сәті түскенде 2010 жылы жазда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев пен облыс әкімі Қ.Бозымбаев шекара мәселесімен Қарасай ауылында болғанда осы мәселеге көздерін жеткізе алдық. Нәтижесінде жолды асфальт жол етіп қайта жасаудың жобалық-сметалық құжаттары шұғыл дайындалып, келесі жылы-ақ жолды асфальттау қолға алынды. Сондай-ақ, Алматыға шыға берістегі әлеуметтік серіктестік есебінен салынған тұрғын үйлерді балабақшаға айналдыруды шештік. «Балауса» балалар демалыс-сауықтыру лагерін жекешелендірмек болғандарға қарсы тұрып, облыс, аудан басшыларының қолдауымен сақтап қалдық. Жастар мәселесі көп ойландырды, олар жиналатын, кино көрсететін жер жоқ. Сол тұста таратылып жатқан № 10 автобазаның бастығы Ә. Әлімбаевтың көмегімен жалпы жиналыстың шешімімен автобаза клубын «Жастар орталығына» алып бердік. Бүтін бір ауылға өзен суы шайып кету қауіпі төнгенде біздің өңірден Парламент депутаты С. Қонақбаевпен келісіп, мәжіліс депутаттарының көшпелі отырысын өткізіп Шу өзенінің жағалауын бекемдеу мәселесіне көздерін жеткізіп, нәтижесінде республикадан тиісті қаржы бөлінді. Қала типтес поселке мәртебесін иеленген тұста гвардейскийлік мұғалімдер мен дәрігерлер ауылдық коэффисенттік үстемақыдан қағылатын болды. Осы мәселемен Астанаға депутаттарды апарып Мәжіліс спикері Орал Мұхаметжановпен кездестіріп, қала типтес поселкенің де ауылдармен тең коэффициентте қалуын шешіп келдік. Отар, Кенен, Қарасу, Жамбыл ауылдарына АТС-тер орнату, телефон байланысын жетілдіру, банкротқа ұшыраған шаруашылықтардан Қасық, Өтеген, Бетқайнар ауылдарындағы медпункттерді тұрғындардың иелігіне өткізу, аудан орталығындағы Жібек жолы көшесін қалааралық жол иелерінің есебінен асфальттау, жарықтандыру, жүргінші жолдарын төсеу сияқты өзекті мәселелер мәслихат депутаттарының араласуымен шешімін тауып отырды. Еліміздің тәуелсіздікке жаңа қолы жетіп, бюджет қаржысы былай тартса, олай жетпей жатқан күрделі кезеңде бұларды жүзеге асыру оңай емес-ті. Бірақ осы мәселелерді шешуде менің партия филиалының торағасы болуым роль атқарды.
— Сіздің өміріңізде «Нұр Отан» партиясының да елеулі іздері сайрап жатыр. Он жылға жуық партия аудандық филиалының төрағасы болдыңыз. Айтпақшы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі мәрте ұлықтау салтанатына қатысқаныңыз да бар.
— 2002-2012 жылдары «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқардым. Партия қатарының нығайып, беделінің артуына бар білім мен тәжірибемді арнадым. Жүздеген адам ғана тізімделген партия мүшелерінің санын 5,5 мыңға дейін жеткізіп, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуіне көп күш жұмсадым. 2010 жылы партияның «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісіне ие болып, VIII-XII съездеріне делегат болып қатыстым.
— Бірер күннен соң Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына отыз бір жыл толады. Қоғамда қилы өзгерістер болып жатыр. Жаңа Қазақстан құруға белсене кірістік.
— Әрине, сағынып жеткен азаттық, елдің еркіндігі, басымызға қонған бағымыз ұзағынан сүйіндірсін! Жақында өткен Президент сайлауында қордайлықтар қашанғыша «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» ұйымшылдығын көрсетті. Бұл елдің жарқын болашағына деген сенімнің, ел басқарған азаматқа деген құрметтің көрінісі. Сөз жоқ, Қасым-Жомарт Кемелұлы халықаралық деңгейде мойындалған тұлға, қай мәселені де майдан қыл суырғандай ептілікпен, көрегендікпен шеше білетініне көз жетіп келеді. Ел ішін даудан, сыртымызды жаудан сақтасын. Сонда әлі-ақ талай жетістіктерге жететін боламыз. Тәңірге тәубе, егемендігіміздің елең-алаң шағынан бастап, тәуелсіздіктің тура жолына түскелі бергі өміріме дән ризамын. Еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуға туған жерімізді түлете жүріп теңізге қосылған тамшыдай болса да еңбегімнің сіңгенін мақтаныш етемін. Еліммен бірге есейіп, міне, біраз жасқа келіп қалдық. Тағдырым маған өмір жолымда азаматтық тұғыры биік көрінген жаны жайсаң адамдарды көптеп жолықтырғанына дән ризамын. Жарты ғасырға жуық жұптасқан зайыбым Нюра екеуміз ұл да өсірдік, қыз да өсірдік. Шүкір, қазір бәрі бір-бір шаңырақтың иесі, енді немерелерім атқа қонып жатыр. Бірі Америкада, бірі Швейцарияда білім алып келген Ғани мен Аида еліміздегі ірі компанияларда еңбек етіп жүр. Бәрі де жоғары оқу орындарын бітірген, банк-кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Шөберелерімнің ертеңіне үлкен үмітпен қараймын. Бір ғана өкінішім, осының бәріне жанашыр боп, қуаныштарды бірге бөлісіп келе жатқан зайыбым төрт жыл бұрын өмірден өтіп кетті, «Гауһар тойымызға» жете алмадық. Тағдырға не шара, бастысы еліміз аман болсын! Тәуелсіздігіміздің туы биіктен желбірей берсін!

ТІЛШІ ТҮЙІНІ. Міне, қордайлық Төле Аманжолұлы ағамыз өз өмірінің елеулі белестерінен осылай сыр шертті. «Қадірлі адам қартаймайды» деген ұлағатты сөз бар халықта. Мұны біздің Төкеңе қаратып айтса болғандай. Ол әлі де болса сапта келеді. Аудандық ардагерлер кеңесінің, билер кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Аудан әкімінің кеңесшісі де болды. Ауданның бүгінгі басшылары да оның өмір көрген мол тәжірибесін, жергілікті ахуалды, адамдарды жақсы білетіндігін бағалап, іскерлігіне арқа сүйейтін, ақылына құлақ асатын кездері аз емес. Басқаны айтпағанда, 2020 жылы ақпан айында Масаншыда болған қақтығыстар салдарын жою бойынша жиындарда елді сабырға шақырып, ақсақалдық басалқы сөздерін айтудан жалыққан емес. Оның кеңестік кезден омырауына тағылған «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісі, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдерінің қатары 2005 және 2020 жылдары тәуелсіз еліміздің төл наградалары «Құрмет», «Парасат» ордендерімен толықты. Ауданның қоғамдық –саяси өміріндегі белсенді қызметі үшін бес мәрте ҚР Президентінің «Алғыс хатына» ие болған. Нұр Отан партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған. «Жамбыл облысының Құрметті ардагері», «Құрметті мәслихат депутаты» атақтары бар. 2010 жылы оған “Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе, 2018 жылы “Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атанды. Міне, мұның барлығы бекерден емес.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.