«ТАБЛИҒИ ЖАМАҒАТ» — ЭКСТРЕМИСТІК ҰЙЫМ

0

«Таблиғи Джамаат» – «таблиғ» сөзінің мағынасы араб тілінен аударғанда «жеткізу, хабарландыру, ескерту», ал «жамағат» сөзі — «топ», «құрылым» деген мағыналаларды білдіретін екі сөзден құралған халықаралық ұйым. «Таблиғи Джамаат» діни ұйымын 1927 жылы Үндістанның Мевате провинциясынан шыққан Моулан Мухаммад Ильяс (Мухаммад Рияз Мухаммад Исмаил Ал-Ханафи Ад-Дайлубанди Ал-Джашти Ал-Кондехлави) құрды. Ұйымның мақсаты — «жалған мусылмандарды», яғни өзін мұсылман санаған, бірақ діни құлшылықтарды орындамайтын мұсылмандарды шынайы ислам дініне әкелу болып табылады. «Таблиғи Джамаат» ұйымы діни ұстанымға байланысты қоғамды жікке бөлетін, конституциялық құқықтарды жоққа шығаратын, білім алу және отбасылық міндеттерге қарсы шығатын деструктивті сипатқа ие. Ұйымның қызметі зайырлы, конституциялық, демократиялық, құқықтық мемлекеттік құрылысты өзгертуге арналған.
Сол себепті, 2013 жылы 26 ақпанда Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешіміне сәйкес аталған ұйым экстремисттік деп танылып, Қазақстан Республикасының аумағында таралуына тыйым салынды.
Аталмыш сот шешімі Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған міндеттерге толық сәйкес келеді. Мемлекет Басшысы өз Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы жат діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені біздің қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», — дей отырып, дәстүрлі емес секталар мен жалған діни ағымдардың қызметіне қатаң тосқауыл қою қажеттігіне баса мән берген болатын.
Таблиғшылар Орталық Азия елдерінің барлығында белсенді қызмет атқарып келді. Алайда Өзбекстан, Түркменстан және Тәжікстан елдерінде және Ресей Федерациясында олардың қызметіне тыйым салынғанына біршама уақыт болды.
«Таблиғи жамағат» деструктивті діни ұйымдардың қатарына жатады. Теологиялық жағынан аталған діни ұйым исламның сунниттік бағытын ұстанғанымен, бірқатар ғалым-сарапшылардың пікірінше оның идеологиясы исламның бірқатар қағидаларына қайшы және радикалдық тұрғыдан уахабизмге жақын. Яғни, бұл қозғалыстың идеясы да балама ойлар мен пікірлерді жоққа шығарады. Шындығында, исламның ханафи бағытына мұндай біржақтылық тән емес еді.
«Таблиғ жамағаты» елді мекендерді аралап жүріп дағуат жасайды, олар мұндай дағуаттарын «баян» немесе «хұтба» деп атайды. «Баян» кезінде адамдарды дағуат тыңдауға жинап, оларды бірнеше топқа бөліп, оның әрбіріне жетекші тағайындап, оларға Фатиха мен бірнеше қысқа сүрелер үйретіледі. Осылайша, бірнеше күн өткеннен кейін, сол адамдарды өздерімен бірге «дағуатқа» шығуға міндеттейді.Содан әрбір адам өзінің шамасына қарай олармен бірге 1 күн, яки 3 күн, жылына қырық күн, өмірінде төрт ай дағуатқа шығуы қажет болады. Таблиғшылар мұндай дағуатқа шығуды «хуруж» дейді.
Сыртқы бейнелері — Таблиғшылар негізі Пәкістанның ұлттық киімін киеді. Ұйымға заңды тиым салынбастан бұрын ер адамдар ақ шалбар, оның сыртынан тізеден келетін ақ жейдемен мешітке де келетін еді. Үстеріне сүннет киім деп ұзын көйлек немесе шапан, мәсі киіп жүреді. Қаба сақал қойып алады. Көбіне қоғамдық көліктерге мінбей жаяу немесе жолшыбай кетіп бара жатқан көліктерге мініп жүреді.
Сотпен тыйым салынған діни ұйымдарға қатысқандары үшін қандай жауапкершілік көзделген?
Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 453 бабының 4 тармағы және 490 бабының 3 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу, сондай-ақ ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметіне басшылық жасағаны, қатысқаны, олардың қызметiн қаржыландырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Жамбыл облысы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығының
Қордай ауданы бойынша бөлімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.