Музейге саяхат жасау – тұлғаның үйлесімді дамуына зор ықпалын тигізеді. Сондай-ақ, жастарды ұлтжандылыққа, өз елінің тарихын құрметтеуге тәрбиелеп, өлкенің тарихын біліп қана қоймай, оны сүйіп, құрметтеу әрбір азаматтың міндеті екендігін жете түсінуіне көмектеседі.
Өткен жұмада аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Қордай ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторлары І.Мейірманов пен А.Сурованың жұмыс жоспарына сәйкес, сондай-ақ, 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай, аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Туған өлкенің тарихы» атты іс-шара өткізілді. Шараға Ескерткіштерді қорғау инспекторы Аида Тохобаева, «Қордай» Гуманитарлы-экономикалық колледжінің тарих пәнінің мұғалімі Жанболат Көрпельдесов және аталмыш колледждің білімгерлері қатысты. Тамыры тереңде жатқан, небір құнды жәдігерлер сақталған аудандық тарихи-өлкетану музейі «Жануарлар мен өсімдіктер дүниесі», «Көне және орта ғасыр дәуірі», «Кеңес дәуірі тарихы», «Көрме», «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы», «Мәдени-этнографиялық тұрмыс-салт бұйымдары» деп аталатын алты көрме залынан тұрады. Музей қызметкері жастарды жылы шыраймен қарсы алып археология, этнография, өнер мен әдебиет, өлке тарихы туралы кеңінен мағлұмат берді. Экспозициялық залдары бойынша музей қорындағы құнды экспонаттармен танысқан жастар музей қызметкеріне ризашылықтарын білдірді.