Д.А. Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте!» атты облыстық жас зерттеушілер байқауы дәстүрлі түрде 2018 жылдан бастап өтуде.
Алғашқы байқау туған өлкенің қоғам қайраткерлеріне арналған, 2019 жылы – ауылдың кәсіпорындарына, 2021 жылы – ауданның жалпы өркениеті мен дамуына, ал 2022 жылы өңірден шыққан Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлеріне арналған болатын. Биылғы байқау жас ұрпақты тарихи құндылықтарымызбен таныстыру, мәдени мұраларымызды қастерлеп сақтауға, құрметтеуге шақыру мақсатында «Мәдени ескерткіштер тарихтан сыр шертеді» тақырыбына арналды.
Байқауға облыстан 14-17 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Қордай аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының атынан №3 Абай Құнанбаев атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы, «Дебат» үйірмесінің қатысушысы Айжан Жұмахан, үйірме педагогы Үсен Тұрлыбаевтың жетекшілігімен «Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық күресінің Қордай өлкесіндегі тарихи трагедиясы мен мемориалдық ескерткіштер кешенінің тарихы» тақырыбында ғылыми жұмыс дайындап, жобасын қорғады.
Байқау қорытындысы бойынша Айжан қызымыз қорғаған жоба «Жұмыстың ең үздік презентациясы үшін» номинациясында үздік атанып, І орынды иеленді.