ТАТУЛЫҚТЫҢ ТҰТҚАСЫ, БІРЛІКТІҢ БЕСІГІ – ҚАЗАҚСТАН

0

Қазақстанда тату-тәтті өмір сүретін халықтардың әдет-ғұрпын, дәстүр-тарихын, тілін қастерлеп бүгініміз бен келешегіміз үшін бірлігімізді нығайту басты борышымыз екенін әрбір қазақстандық жақсы біледі. Қазақстанның басты миссиясы – бейбітшілік, оның бірі – осында мекен етіп жатқан халықтардың тілі мен мәдениетіне деген құрметті шыңдау, еліміздегі халықтар достығын, бірлігін нығайту. Осы мақсатта Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностардың «Ассамблея» деген институты құрылып, «Достық үйі» деген түсінік орын алған болатын. Ассамблея – «ұйым», Достық үйі – «мәдени орталық» деген ұғым береді. Мұндай мәдени орталықта этнос өкілдері өздерінің озық дәстүрлерін, мерекелерін, ұлттық киімдері мен тағамдарын өздерінің ұрпақтарына дәріптеп, насихаттап, елмен өздері жөнінде ақпарат беріп, бөлісіп отырады. Осындай саясаттың арқасында ұлттар мен ұлыстар өздерінің елдегі ел қатарлы орнын тауып, тілін, дінін сақтап қалды.
Бір шаңырақ астында мекендеп жатқан, достығы жарасқан Тәуелсіз жаңа Қазақстанымыздың дамып, қарыштауына өз үлестерін қосып жатқан өзге ұлт өкілдерін еш бөліп қарамаймыз. Ел ішінде «біз бәріміз – бір елміз, бір халықпыз!» деген түсінік болу керек әр адамда, сондай саналы, сау түсінік қалыптасу керек. Қазақ елінің көк байрағын әлемдік деңгейде әлем чемпионаттарында желбіреткен Ольга Шишигина, Илья Ильин, Геннадий Головкин, сондай-ақ қазақ тілін жетік меңгерген қоғам қайраткерлері Асылы Османқызы, Аскер Пириев, Қазақстан халық жазушысы Герольд Бергер, тележүргізушілер Мая Веронская, Ирина Ким, тағы басқалардың мемлекеттік тіліміздің статусын көтеріп жүргені баршамызға мәлім. Бұл дәлел емес пе?! Әлі де болса, мемлекеттік тілді қадір тұтатын этнос өкілдерінің саны көбейсе екен деген үміттеміз.
Мемлекетіміз – Қазақстан Республикасы үлкен аумақты алып жатыр, ләйім жерге, дархан далаға кенде емеспіз. Елімізде түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, отанға қызмет етуде: қазақтар, орыстар, ұйғырлар, кәрістер, украиндар, немістер, татарлар, өзбектер және тағы басқа этностар.
Біз – Қазақстанның ұлттар мен ұлыстарды біртұтас бауырлас отбасына біріктіргенін мақтан тұтатын халықпыз. Облысымыздың өзі – атақты Әулие Ата жерінің өзінде қаншама этностар мекен етуде, тату-тәтті ұйысып өмір сүруде. Күмбезі күн сүйген Достық үйі сарайында барлығымыз бір елдің баласындай боп жиі бас қосып отырамыз. Түрлі басқосуларға облыстағы түрлі этнос өкілдерінен құралған қаншама адам жиналады?!
Сүттей ұйыған жамбыл¬дықтарға берекелі тірліктің қадір-қасиетін терең түсініп, сол қазынаға бергісіз құндылықтарды жастарға өсиет ету – басты құндылық. Ғұлама Абай айтқандай «Көп адам дүниеге бой алдырған. Бой алдырып, аяғын көп шалдырған» осынау заманда Ассамблеяның ел бірлігін сақтаудағы маңыздылығын біраз адамдар түсінбей, теріс пікір беріп жатады. Осы тұста да Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген нақыл сөзін алға қойғым келеді. Қазақстанның барлық өңірлері секілді халқымыздың тал бесігі көне Тараз топырағында да сексеннен астам ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біршама өзім білетін, жұрт білетін ел бірлігін ту еткен өзге ұлт азаматтарының барлық қоғамдық іс-шаралардың бел ортасында жүретіні мені шын қуантады. Екі мың жылдық тарихы бар киелі өңірдегі барлық ұлттардың да ойы – «бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – бейбітшілікті, ашық аспанды Тәуелсіз Қазақстан!».
Біз, болашаққа көз тігіп, Тәуелсіз елімізді жаңа деңгейге, тың игі өзгерістерге жеткізу жолында бар күш-жігерімізді шын ниетпен, асқан жанашырлықпен салғанда ғана дамудың дара жолына шығамыз, қадірменді ағайын-бауыр, апа-сіңлі, қайратты жастарым мен тілі басқа, діні басқа, бірақ жүрегі бір, бауырлас отандастарым!

Айгүл Кабиева,
Жамбыл облыстық «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары

БІРЛІК ПЕН БЕРЕКЕ – ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ
Қазақ елі – құшағы ыстық, құлашы кең байтақ өлке. Еліміз бауыры бүтін, мызғымас мемлекетке айналып, жүз жылға татитын отыз жылдан астам уақыт ортақ жауапкершілік жолын жүріп өтіп, бекемдей түскен бірлігіміз бен елдікті еселеп, биік белестер мен алынбас асуларды бағындыра білді. Қазір Қазақстанды күллі әлем танып, 140-тан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақтың астында еркін де ерікті, тату да тұрақты өмір сүруде!
Байтақ Қазақстанның әрбiр облысында түрлі ұлттардың мәдени орталықтары ашылған. Мұндай құтты мекеннің бірі Жамбыл облысы. Бабалар тұяғының дүбірі, тарихтың нақ кіндігі бола білген Тараз қаласындағы Достық үйі аймақтағы ұлт пен ұлыстың басты ордасына айналған. Мұндағы этномәдени бірлестіктердің басты мiндеттерi өз ұлтының тiлiн, мәдениетін, тарихын, әдебиетiн, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрiн жаңғырту, кейiнгi жастарына үйрету, мұра ету арқылы қалпына келтiру. Мұндай еркiндiк пен теңдікті, кеңдікті Қазақстаннан басқа қай ел жасай алады? Міне дәл осы себептенде әлем сахнасында Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің мызғымас мекені ретінде дәуірі гүлденіп тұр. Әлбетте мұның артында қаншама еңбек, қанша тапқырлық, білімділік, кемеңгерлік жатыр. Мұндай бақ ойлағанның уысына ойыса кетер оңай олжа емес.
Бір облысымыздың өзінде мен мүлде ұлыстардың арасында алауыздық, бірі-біріне көзалартушылық болмайды деп айта алмаймын. Себебі, әлемде 7млрд адам болса 7млрд мінез болатыны секілді этностардың өздеріне тән ерекшеліктері мен қатар өзгеше мінез-құлықтары да болады. Олардың арасында туындаған дау-жан-жалдар уақытылы шешімі табылып, өзара ынтымаққа келеді. Енді ойлаңызшы Қазақстанда 140-тан астам ұлт пен ұлыс бар. Олардың арасында келеңсіздіктердің туындауы заңдылық. Осындай қолайсыз сәттерде ұтымды, ұлтаралық мәселені шиеленістірмей бірден шешім шығарып бір мәмлеге келтіре білу деген аса зор сауаттылық, аса зор кемеңгерлік. Бір ерекшелігі ешқашан сен қазақсың ол өзге деп заң тұрғысынан болмаса басқалай жағынан әділетсіздіктердің болғанын байқаған емеспін. Себебі мұнда заң бір, мүдде бір. Мұндай мүмкіндіктің де біздің елімізден басқа жерде бар дегенін естіген емеспін.
Ендеше аспан ортақ жер ортақ, ай мен күн ортақ, ас-ауқаты мен жұтар ауасы ортақ болып отырған Отанға адал қызмет ету азаматтық парызымыз. Қазақстанның даму моделін халықаралық стандартқа жеткізуіміз және түсірмеуіміз керек.
Сөзімнің соңында достық пен ынтымақты, бірлік пен татулықты ту еткен барша Қазақстан халықтарының мызғымас достығы мен бірлігі мәңгі жасай берсін дегім келеді.
Б.МУМИНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.