Бүгінде егемен еліміз пайдалы қазбалар қоры бойынша әлемде жетекші орында. Жалпы, тау-кен металлургия кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, минералды-шикізат ресурсын толықтыру мен базалық металдарды дайын өнім түріне дейін терең өңдеу – жоғары деңгейге сай нарықтағы позицияны нығайтудың бірден-бір жолы. Ал біздің елде түсті металдарды өндіру мен өңдеу саласындағы металлургия кешенінің негізгі ірі кәсіпорындары саналатын индустрия алыптары бар. Болашақта бұл тізімге «ШокпарГагаринское» серіктестігінің тау-кен байыту комбинаты да қосылуы бек мүмкін.
Қордай ауданындағы Соғанды ауылында іргетасы қаланатын аталған комбинат құрылысы Әулиеата өңірінің әлеуетін арттырып, өзгеше экономикалық серпін беретін айтулы жоба. Бұл – бірыңғай индустриаландыру картасы шеңберінде іске асатын бірегей инвестициялық бастамалардың бірі. Жалпы жобаның құны – 47 миллиард теңгені құрайды.
Ең негізгісі – комбинат толық қуатына шыққанда жылына 500 мың тоннаға дейін кен өндіру көзделіп отыр. Тиісті құрылыс жұмыстары ресми түрде бастау алған салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев осынау қадам нақты инвестициялық кезеңнің айқын көрінісі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде бүгінгі іс-шара Мемлекет басшысы айқындап берген маңызды стратегиялық бағыттардың анық дәлелі бола алатынын жеткізді.
– Біз бүгін еліміздің экономикалық өрлеу деңгейін жаңа белеске көтеретін ерекше оқиғаның куәсі болып отырмыз. Ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында экономиканы әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тартуды мықтап тапсырғаны белгілі. Кез келген инвестициялық жоба өңірдің тартымдылығын арттырудағы маңызды қадам. Мұнда құрылыс кезеңінде 100-ден астам адам жұмыспен қамтылса, нысан толық іске қосылғанда 400-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл – Қордай өңіріндегі әр отбасының әл-ауқатына, ел тұрмысының жақсаруына бағытталған нақты іс. Мұндай жобалар мемлекеттік қолдаудың тиімділігін, инвесторларға жасалған сенімді серіктестіктің жемісі. Қазіргі таңда облысымыздың экономикасы тұрақты өсім қарқынын сақтап келеді. Өңірде жаңа өндірістер ашылып, инфрақұрылым жаңарып, халықтың тұрмыс сапасы артуда. Бұл – мемлекет пен қоғамның, еңбек адамдарының ортақ жетістігі, – деген облыс әкімі жобаны жүзеге асыруға лайықты қолдау көрсеткен «Шокпар Гагаринское» серіктестігінің басшылығы мен қарапайым еңбек адамдарына шынайы ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, бір ғана Қордайда жер қойнауындағы кен орындарының құны–саф алтынның бағасымен есептегенде 15 триллион теңгені құрайды екен. Бұл – дәлелденген дәлел. Енді бағамдап қарасаңыз, осынау кен орындары түгелдей өз жұмысын бастаған сәтте жалғыз ауданнан қазынаға ай сайын 60-70 миллион теңге салық түспек. Ал бұл істердің бастауында «ШокпарГагаринское» жобасы тұр.
Аталған жобаның іске асырылу мерзімі алты жылды қамтиды. Ал руда өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану лицензиясы 18 жылға берілген. «Шокпар-Гагаринское» серіктестігінің басшысы Семён Ханның айтуынша, дәл қазір құрылыс жұмыстары қарқын алған жер учаскесінде басаяғы 44 шақырымға электр желісі тартылған. Бұдан бөлек мұнда геологиялық барлау жұмыстары қолға алынған.
– Биыл 10 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарда бар. Бұл күнде 100-ден астам азамат еңбек етіп жатыр. Жалпы, комбинатқа жергілікті әкімдік тарапынан бір мың гектардан астам жер телімі бөлінген. Жоба толықтай жүзеге асқан жағдайда жамбылдықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың әлауқатын арттыруға өз септігін тигізері сөзсіз, – деді ол.