ТАУАРЛЫ НЕСИЕ ІС ЖҮЗІНДЕ

0

Қазақстан халқына Жолдауында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тауарлық несие құралын енгізуді қарастыруды тапсырған болатын. Бұл – аграрлық салаға қолдау көрсету мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған пилоттық жоба.

Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында, Қордай ауданында тауарлық несие беру рәсімі өткізіліп, оған «Өтеул» шаруа қожалығы қатысып отыр. Қожалық өз иелігінен Сұлутөр ауылының екі тұрғыны Сақитқан Қабденге – 200 бас аналық қой, ал Мәулен Саулебаевқа – 100 бас аналық қой несиеге берді.

Аталмыш жоба аграрлық секторды қолдаудың нақты практикалық қадамы ретінде қаралып отыр. Жоба алдағы уақытта кеңейтілсе, оның ауылдық тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпалы күшейе түседі.

«Бұл көмек отбасы бюджетін айтарлықтай жеңілдетіп, мал шаруашылығын дамытуға нақты мүмкіндіктер ашады деген ойдамын. Қойларды күтіп-бағу, жем-шөппен қамтамасыз ету, ветеринарлық қызметтерді дер кезінде алу сияқты іс-шараларды жоспарлап, сапалы күтімге ерекше назар аударатын боламын. Сонымен қатар, алынған қойлардан алынатын төлдер мен өнімдер айналымын арттыра отырып, ауылдағы экономикалық тұрақтылыққа өз үлесімізді қосамыз деген ниет бар», — дейді тауарлық несие алушы Сақитқан Қабден.

Қожалықтың мақсаты – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, мал шаруашылығын жандандыру және ішкі нарықтағы тұрақтылыққа үлес қосу.

Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп секторын тұрақтандыру, өндіріске қажетті ресурстарды аймақтағы тұрғындарға жақын жерде қамтамасыз ету мақсаты қойылған. Тауарлық несие механизмі өндірушілерге қысқа мерзім ішінде шаруашылықты жаңғыртуға мүмкіндік береді, ал ауыл тұрғындары үшін табыс көзін кеңейтеді.

Айта кетейік, тауарлық несие алған азаматтардың қарызды өтеуі үшін айтарлықтай жеңілдік қарастырылған. Мәселен, бірінші жылы төлем мәселесі бойынша демалыс жарияланса, одан кейін жыл сайын төлдің 50 пайызы негізінде өтем төлеуге міндеттеледі. Осылайша, бес жылда несие борышын өтейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.