Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тауарлық несие құралын енгізуді қарастыруды тапсырған болатын. Бұл механизм аграрлық салаға қолдау көрсету мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Қордай ауданында тұңғыш рет тауарлық несие беру басталып, оған алғашқы болып, Алға ауылдық округіне қарасты, Көкадыр ауылындағы «Шохан» шаруа қожалығының басшысы Элик Абдрахимов қатысты. Осылайша, қожалық басшысы Элик Абдрахимовтың бас болуымен Сарыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Рымғали Есенбаев пен Заманбек Қылышбаевтың әрқайсысы 50 бас саулық қой алды. Олар 3 млн.теңге берешекті 5 жыл ішінде белгіленген ережеге сәйкес өтеуі тиіс.
«Ауданымызда бірінші рет беріліп отырған тауарлық несиенің мерзімі 5 жылға дейін. Бұл екі жаққа да тиімді»,-дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің өкілдері.
Айта кетейік, тауарлы несие алған азаматтардың қарызды өтеуі үшін айтарлықтай жеңілдік қарастырылған. Мәселен, бірінші жылы төлем мәселесі бойынша демалыс жарияланса, одан кейін жыл сайын төлдің 50 пайызы негізінде өтем төлеуге міндеттеледі. Осылайша, бес жылда несие борышын өтейді. Жоба бойынша бірінші кезекте аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыз жүрген азаматтарды қолдауға басымдық беріледі.