Әлемде адамзаттың 70%-дан астамы, тіл үйіретін тәттілерден бас тарта алмайды екен. Бала кезімізден тәттіге құмартып тұратынымыз жалған емес. Өсе келе тәуелділігіміз арта түсетіндей. Сондықтан, кондитерлік шағын кәсіп түрі болғанымен, қазіргі таңда үйде пісірілген тәтті тағамдар сұранысқа ие. Себебі ерекше тәтті тағамдарды пісірумен қатар оны безендірудің өзі – бір өнер.
Тазагүл Жұмағалиева – нағыз шедеврлер жасайтын кондитер, ол үшін торт пісіру тек табыс көзі емес, сүйікті ісі де. Степнойлық тәтті тағамдар дайындайтын маман кондитерлік өнер өмірін қалай өзгерткені жайлы әңгімесімен бөлісті.
«Қыз баласы болғандықтан ас үй жұмыстарына қызығушылық кішкентайымнан пайда болды. Ең бірінші отбасыма тәтті тағамдарды пісіруден бастаған болатынмын. Негізінен мен табыс табамын деп емес, өзіме хобби ретінде айналысатынмын. Ең алғаш келін болып түскен соң, әр нәрсені бір пісіріп көретінмін, әрі қонақтар да көп келетін, сондықтан сол кезден қызығушылығым арта түсті. Осы саланы кәсіп ретінде қалыптастырып, табыс көзіне айналдыра білдім. Алғашқы клиенттер менің көршілерім болды, бірақ мен олардан өте аз төлем алдым, ол тіпті торттың құнын да ақтамады. Соған қарамастан, мен мұндай сұлулықты жасауды тоқтатқан жоқпын, керісінше, қолымды тезірек жаттықтырғым келді, оның үстіне алғашқы тапсырыстар тәжірибе жинауға көмектесті», — дейді Тазагүл Аяпбергенқызы.
Ең жақсы жұмыс – ол жоғары ақы төленетін хобби. Тарихтағы ең табысты кәсіпкерлердің бірі Генри Фордтың бұл сөзі Тазагүлдің ісін толық сипаттайды. Барлығы табандылық пен еңбекқорлықтың арқасында, оның үстіне отбасы да әрқашан бастамалардың бәрін қолдап отырады.
42 жастағы Тазагүлдің үлкен ұлы мен қызы студенттер, кіші ұлы әлі мектеп оқушысы. Үлкен ұлы мен қызын оқыту ханымның 4 жыл бұрын тапсырыс бойынша торт пісіре бастауына тағы бір себеп болды. Оған басынан бастап барлық жағынан да жұбайы Дәулет үлкен қолдау көрсетіп келе жатыр. Ол Тазагүлге сүйікті және пайдалы іспен айналысу үшін үлкен пешті, араластырғыштарды және басқа да қажетті заттарды сатып алуға көмектесті. Сондай-ақ Дәулет торттарды тапсырыс берушілерге өзі апарып жеткізеді.
Қазір біздің кейіпкеріміз клиенттердің жоқтығына уайымдамайды. Көптеген адамдар оны аты бойынша емес, Instagram парақшасындағы никнеймі арқылы біледі. Бұл парақшаның арқасында ерекше дәмді кондитерлік өнімдердің дәмін татып, оның торттарының сұлулығына, нәзіктігі мен әсемдігіне таңданғысы келетіндер көбейіп келеді.
Т. Жұмағалиеваның соншалықты дәмді және нәзік істен шабыт алып, осы қолөнерді үйренеміз деген шәкірттері де бар. Сонымен қатар, Тазагүл шеберлік сабақтарын өткізуді өте жақсы көреді. Бірақ, оларды сирек, жылына 3-4 рет қана өткізеді.
Әрине, ол мұнымен тоқтағысы келмейді. Ендігі арманы – Қордай ауылында өзінің үлкен цехын ашып, тұрғындарды өзінің дәмді әрі ерекше туындыларымен қуанту.
Мадина Узбекова