ТАЗАЛЫҚ ПЕН ҚАУПСІЗДІК

0

Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпарат алаңында, аудан әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы ағымдағы жылы тиісті бөлім тарапынан атқарылған жұмыстар және алдағы уақытқа жоспары туралы арнайы баспасөз конференциясын берді.

Баспасөз конференциясында Ануар Абсейтов өз саласы бойынша бірқатар мәліметтер беріп өтті. Оның айтуынша, ауданда жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 1344 шқ құрайды. Оның ішінде: республикалық маңызы бар жол ұзындығы – 308 шқ, аудандық – 275 шқ, ауылішілік жол – 760 шқ.

Спикердің сөзінше, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында біршама жұмыстар қолға алына бастаған. Мәселен, Қордай, Отар, Қаракемер, Сарыбұлақ, Бетқайнар, Степной сынды жалпы 24,5 шақырым болатын ауылішілік көше желісінің жолдарын орташа жөндеуге қаржы қарастырылып, кезең-кезеңімен құрылыс жұмыстары жүргізілуде екен.

«2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, елімізде «Таза Қазақстан» акциясы қолға алынды. 2025 жылы ауданымызда акция жаңа бағыт алып, бірқатар істер атқарылуда. Атап айтар болсам, аудан әкімі Бегзат Болатбековтың тікелей қадағалауымен, елдімекендер мен аулалардың аумақтарын тазалау жұмыстары өткізіліп, көктемгі абаттандыру нәтижесінде: 5000 ағаш отырғызылды, 20 шақырым арық және канал бойлары тазаланды. Сондай-ақ, наурыз-сәуір айында «Taza Like» жобасы аясында «Болашақты бірге отырғызамыз», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Таза жағалау», «Таза аудан» атты ауқымды шаралар өтіп, нәтижесінде 6500 ағаш егіліп, арық және канал жағасы тазаланды, 2500 тонна кездейсоқ күл-қоқыс шығарылды», — дейді Ануар Жансейітұлы.

Бүгінгі таңда бейнебақылау қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан жағдайды сапалы түрде өзгерте алатындығына ешкім күмән келтірмейді. Бұл әсіресе мектептер, балабақшалар, ТКШ нысандары және т.б. сияқты әлеуметтік маңызы бар объектілер туралы сөз болғанда өте маңызды. Тікелей эфирде жүргізілген брифинг барысында сала басшысы бұл туралы да кеңінен мәлімет берді.

«Бүгінгі таңда аудан бойынша барлығы 68 бейнебақылау камерасы орнатылып, аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына қосылған. Сондай-ақ, пилоттық жоба аясында Қордай ауылындағы кеден бекеті, Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейі, ауылдың кіреберісіне жалпы 4 дана «Сұңқар» бейнебақылау жүйесі орнатылды. Қоса кетерлігі, облыс әкімдігінің Цифрландыру және архивтер басқармасы мен облыстық полиция департаментінің келісіміне сәйкес, аудан аумағында Қайнар ауылынан бастап, Масаншы ауылына дейін және Қордай ауылынан Отар ауылына дейінгі аралықта барлығы 19 дана «Сергек» бейнебақылау кешені орнатылды. Бұл жүйе көлік қозғалысын тіркеу, құқықбұзушылықтарды жедел түрде анықтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орнатылды», — деді спикер.

Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне жағдай жасау – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі таңда жыл санап елде демографиялық өсімнің артып келе жатқаны анық байқалады. Бұл – қуанышты жағдай әрине. Басқа өңірлер сияқты Қордай ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, өңір тұрғындарын сумен, жылумен, табиғи газбен, электрмен және қанағаттанарлық автомобиль жолдарымен жабдықтау мәселелеріне аудан басшылығының тарапынан көбірек көңіл бөлініп отыр.

«Аудан бойынша 41 елдімекен болса, оның 37-сі таза ауызсу жүйесімен қамтылған. Айта кетсем, бүгінде Ноғайбай ауылдық округіне қарасты Шарбақты ауылында ауыз су құбырының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталып, нысанды шілде айының соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда, Гвардейск және Алға ауылында ауыз су жүйесінің құрылысы бойынша мердігер мекеме анықталып, тиісті жұмыстар қолға алынуда. Газдандыру мәселесін айтсам, аудан бойынша 41 елдімекеннің 36-сы көгілдір отынмен қамтылды. 2021-2025 жылдар аралығында Қарасай, Еңбек, Шарбақты, Сарыбастау, Ноғайбай, Керу ауылдарына газ құбыры жүргізілді. Бүгінде Бел, Мұзбел, Аңырақай ауылдарына ауылішілік газ құбырын жүргізу бойынша ЖСҚ әзірленіп, облыс әкімдігінің энергетика және ТҮКШ басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды», — деді Ануар Абсейтов.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.