– Анашым, неге адамдар қоқысты кез келген жерге тастайды? Егер бәріміз осылай істей беретін болсақ, біздің планетамыз ауырып қалады ғой…
Бес жасар қызымның осы сөзі кейбір ересек адамдардың ойына да келмейтіні өкінішті-ақ. Тіпті, бозала таңнан тұрып алып, осы тазалықты сақтау үшін бұрқыратып аула сыпыратын бейнетқор жандардың еңбегін де бағаламай жатамыз. Ал, шындығына келгенде, ауа-райының қолайсыздығына қарамай, шаң-тозаңда, шақырайған күннің, шытынаған аяздың астында жұмыс істейтін осы қарапайым жандар – бүгінгі күннің нағыз қаһармандары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде еңбек адамдарына құрмет көрсетуге тиіс екенімізді айтып, қарапайым жандардың беделін арттырғаны есімізде. Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген Алғыс айту мерекесінде дәл осы жандар жайлы қалам тербеуді жөн көріп отырмыз.
Бүгінгі кейіпкеріміз Алтынай Маусунова алты жылдан бері Қордай көшелерін сыпырып, қыста қарын күреп, қоқыстан тазалап, адал еңбекпен нәпақасын тауып келеді. «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық» ШЖҚ МКК көгалдандыру жұмысшысы таңмен таласа оянып, балаларын мектепке дайындап, өзі жұмысына кетеді.
Тазалық сақшысының бүгінгі міндеті – Қордай ауылының орталығын күл-қоқыстан тазартып, гүл егетін орындарды дайындау. Міне, қолына құрал-саймандарын ұстаған оннан астам әйел жұмыстарына кірісіп те кетті. Он үш жыл осы қызметте жүрген бригадирлері Шания Алиева әрқайсысына тапсырма беріп, жұмыс барысын қадағалап жүр. Бүгінде бұл әйелдердің барлығы бір үйдің баласындай болып кеткен. «Бірнеше күн хабарласпай кетсек, бір-бірімізді іздеп қаламыз», – дейді Алтынай.
Ауыл тазалықшыларының қалың қоғамға тигізіп жатқан пайдасы зор, бірақ көп жағдайда олардың ерен еңбектері еленбей жатады. Тіпті, осы кәсіп иелеріне есіркей қарап, мұндай жұмысқа арланатындар да бар. Ал шынтуайтына келгенде, нағыз құрмет пен марапатқа лайық жандар – осы кәсіптің иелері. «Алғашқы күндері біреу-міреу көріп қалама деп қысылатынмын. Ешкім танымас үшін бетімді орамалмен қымтап алып жүрдім. Бірақ, уақыт өте бұл істеп жүргенім дұрыс емес қой. Несіне ұяламын? Кімнен ұяламын? Өзімнің адал еңбегім, маңдай-термен тапқан ақшам деген ойға келіп, жұмысымды үлкен құлшыныспен атқаратын болдым. Бала кезден үй шаруасына, аула тазалауға пысықпын. Сондықтан басқа жұмысқа ауысқым келмейді, өзіме ұнайды. Оған қоса, туып-өскен жерім болғандықтан, Қордайдың мен үшін орны бөлек. Күн сайын көркейіп, өсіп келе жатқан ауылыма өз үлесімді қосып жүргеніме қуанамын», — дейді Алтынай.
Кейіпкеріміз күнделікті түрлі адамдарды кездестіреміз дейді. Біреулер алғысын жаудырып жатса, енді біреулері, керісінше, жағымсыз сөздермен көңілді түсіреді екен. «Сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз, жарайсыздар, деп ризашылығын жеткізетін адамдарды кездестіргенде көңіліміз жібіп, балаша мәз болып қаламыз. Ал кейбір адамдар шемішке, темекі тұқылын, сусынның бөтелкесін таяқ тастам жердегі жәшікке салуға ерінеді. Неге қоқысты арнайы жәшікке тастамайсыз деп ескерту жасасақ, бұл сендердің міндеттерің, сол үшін ақша аласыңдар деп өзімізге бас салады», — дейді тазалық сақшысы.
Өмірге құштар, қайсар жан үш баланы жалғыз өзі тәрбиелеуде. Өкініштісі, әлі күнге баспаналары жоқ. Бірнеше жылдан бері пәтерден пәтерге көшіп, ішіп-жемнен артылмайтын айлыққа күн көруге мәжбүр. Бірақ, Алтынай басына түскен қиындықтардан еш мойымайды. Өмірге позитивпен қарайды. Оның табанды қарекеті, еңбекке арланбайтын, ешкімнен жасқанбайтын өжеттігі – өзгелерге үлгі боларлықтай.
Міне, Алтынайдай ары таза, көңілі ақ, маңдай термен нанын тауып жүрген жандар арамызда қаншама. Алғыс айту күні біз оларға барша қордайлықтардың атынан шексіз алғысымызды жеткіземіз. Тек мейрам күні ғана емес, күнделікті көшеден көріп қалсаңыз, сіз де қарапайым еңбек адамдарына деген жылы сөзіңізді аямаңыз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ