TEK_BYLGARY – САПАҒА КЕПІЛДІК БЕРЕДІ

0

6 ай бұрын еліміздің аяқ киім нарығында ерекшелік пен сапаға аса көңіл бөлетін, өнімі бірден көзге түсіп, көңілді аулайтын жаңа өндіруші пайда болды. Газетіміздің кәсіпкерлік айдарында әрдайым ісін жаңа бастаған, кәсібінен нәсібін терсем деген азаматтар жайындай айтып келеміз. Ал, бүгінгі кейіпкеріміздің ерекшелігі, өнімдерді өз қолымен жасайтындығында.

Қордайлық жас кәсіпкер Жаскен Төлеев отбасылық «Былғары» брендін ойлап тауып, таза былғарыдан, тапсырыс берушінің талғамына қарай әйелдер және ерлерге арналған аяқ киім, белдік, әмиян, сөмке тігуді қолға алған.
Сұхбат барысында аяқ киім шебері бұл іске қалай келгенін әңгімелеп берді. Компанияны ашу тарихы ниеті бар, бірақ тәжірибесі жоқ адамдарға тән.
Жаскен Тлеубергенұлы аяқ киімнің сапасын бала күнінен-ақ ажырата білген. Сапалы аяқ киім іздеп, бүкіл дүкендерді аралап жүріп, аяқ киім тігуді өзім қолға алсам деген ой келеді. Бірақ, ол кезде бұл орындалмас арман сияқты көрінетін.
Уақыт өте келе, есейген Жаскен анасына қолқанат болып, дүкеніне көмектесіп, аяқ киімдердің әртүрлі үлгісін таңдауды жақсы үйренеді. Жұмыс барысында талай аяқ киімді көзімен көріп, қолымен ұстап жүрген азамат тұтынушының көңілінен шығатын аяқ киім тігу ойына қайта оралады. Үш жыл бойы шебер кітап пен интернет желісіндегі бейнекурстар бойынша, сонымен қатар таныс етікшілерден кеңес алып, аяқ киім тігуді қолға алады. Қол прессі, екі тігін машинасы, оның біреуі былғары бұйымдарын тігуге арналған, етік қалыптары, фурнитура сынды қажетті құрал-жабдық сатып алып, іске кіріседі.
Жаскеннің айтуынша, алғашқы рет ол өз әмиянының қалай тігілгенін білу үшін, оны сөгіп көрген. Содан кейін пішіп, тігуді үйренген. Сондай-ақ істің егжей-тегжейіне жету үшін оншақты аяқ киім сөгіліп, тілінді. Алғашқы аяқ киімі қисық-қыңыр болып шыққаны әлі есінде, бірақ тәжірибе жинай келе өз жұмыстары көңілінен шыға бастайды. Бірінші тігілген ерлерге арналған шәркелер достарының арасында тез сатылып кетеді.
Кәсіпкер шығарған өнімнің сапасына кепіл береді, себебі аяқ киім тігу үшін табиғи, сапалы былғары мен қой терісі алынады. Шикізат Тараз, Алматы қалалары және Ресей мен Түркиядан жеткізіледі. Айта кетерлігі, тері метрмен, ораммен емес, дециметрмен өлшеніп сатылады екен.
Бұл өндіріс орнында тұрақты түрде үлгілер саны ұлғайып, ерлерге, сонымен қатар әйелдерге арналған аяқ киімге бірдей көңіл бөлінеді.
— Аяқ киім тігудің әдістері әртүрлі. Жалпы түрлері ұқсас болғанымен, бөлшектерінде айырмашылығы болады. Бұл қолдан тігілген аяқ киімнің ерекшелігі — әр шебер өз ісін жан-тәнімен істеп, өндіріске ұсақ-түйек бөлшек қосады, — дейді Жаскен.
Шебермен әңгімелесіп отырып, тігін ісінің қыр-сырына қанық болдық. Іс жүзінде аяқ киім өндірісі өте ұқыптылықты талап ететін іс. Аяқ киімді тігу алдында қажетті қалып таңдалады, бұл ретте қалыптың мөлшерімен қатар, оның пішіні де маңызды. Себебі, қалып болашақ аяқ киімнің қаңқасы болып табылады.
Егжей-тегжейлі сызба үлгісін жасау аяқ киім өндірісіндегі негізгі кезең болып табылады. Сызба-үлгі цех үшін құнды дүние деп айтуға да болады. Бағаға келер болсақ, мәселен, Алматы қаласында мәсінің көтерме бағасы 10000-12000 теңге болса, Жаскен аталмыш аяқ киімді даналап 10 000 теңгеден сатады, белдіктер мен сөмкелердің бағасы да солай.
Әзірге «Былғары» сауда маркасының өнімі Қордай мен Алматы нарығына шығуда. Сонымен бірге инстаграм желісінде tek_bylgary парақшасы ашылып, онда жас кәсіпкердің қолынан шыққан өнім жарияланған. Қазіргі таңда Жаскен жұмысқа шеберлер мен оқушыларды тартуда.
— Басында мен бұл өндірісті бизнес ретінде бастағанмын. Өнімде арнайы логотип жоқ. Менің аяқ киімім басқаларға ұқсамайды, солай танымал болады деп сенемін, — дейді Жаскен Төлеев.
Ал, біз жақын арада «Былғары» қордайлық бренді республикадан тысқары да танымал болатынына сенімдіміз.
Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.