ТІЛ МӘРТЕБЕСІ– ЕЛ МӘРТЕБЕСІ

0

Тіл мәселесі көптеген жылдардан бері өзекті мәселеге айналып келе жатқаны рас. Ол жайында халық қалаулылары да тынбай айтуда, басылым беттері де жаппай сол тақырыпты көтеруде. Үкімет тарапынан да мемлекеттік тіл мәселесі қолға алынғаны қашан.

Осы уақыт аралығында егеменді еліміз барлық салада өсіп, өніп, өркендеп, экономикасы дамып, әлеуметтік жағдайы жақсарып жатса сүбелі үлесін қосқан жағымды жаңалықтар мен оң өзгерістердің септігі тигені ақиқат. Әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді әспеттеп, еліміздің тыныштығын ойлап отырған кең пейіл, бейбіт мінезді, жомарт халқымыз әдебиеті мен мәдениетін де бұдан әрі асқақтатуы шарт. Осы орайда өз тіліміздің өркендеуіне негіз қалап, оның мәртебесін үнемі көтеріп жүруіміз керек. Тіл мәселесі бей-жай қарайтын тақырып емес, сондықтан түсінбеушіліктер туындамауы үшін баршамыз заңды білуге тиіспіз. Яғни, Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып, үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді. Республикамызда қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етеді. Сондықтан заңның реттейтін мәселесі көп. Соның бірі, әрі бірегейі – мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметінде тілдерді қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар Заң реттейтін мәселе болып табылады. Осы жеке адамдар арасындағы қатынастарда және діни бірлестіктерде тілдердің қолданылуын реттемейді. ҚР «Тіл туралы» Заңдары ҚР Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, тілдерді қолдануға және дамытуға қатысты ҚР өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұрады. Тіл туралы заңдар өз азаматтарымызға, сондай-ақ бізде тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені айдан анық. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мемлекеттік тілімізді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, ҚР барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға, Қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшін барлық жағдайды жасап беріп отыр. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Қазақстан азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар.
Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жөнінде қамқорлық жасайды. Ұлттық топтар жинақы тұратын жерлерде іс-шаралар өткізілген кезде олардың тілдерін пайдалануы мүмкін. ҚР тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол берілмейді. Қазақстанда мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің қолданылуына және оларды үйренуге кедергі келтіретін лауазымды адамдардың іс-әрекеттері ҚР заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады. Көрдіңіз бе, еліміздегі тең құқықтықтың шет-шегі жоқ. Сондықтан осынау жеңілдіктерді жүрегімен сезінген нағыз қазақстандықтар біздің ана тілімізді меңгеруге талпынулары тиіс десек те бұл мәселеде өз қандастарымыздың шала сауаттылығы да кері әсерін тигізетіні анық. Осыған байланысты айтарымыз, жұртқа үйретуден бұрын өзіміз оны таза меңгеріп алайық. Өйткені, қазақ тілі біздің тіліміз, оны білмегеніміз масқарашылық емес пе. Ана тіліміздің мәртебесі қашанда биік болсын!

Ж.КОЛКОНБАЕВА,
Қордай аудандық сотының бас маманы, сот отырысының
хатшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.