«ТІЛАШАР» БАҒДАРЛАМАСЫН АЯҚТАҒАНДАР

0

Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Тілдерді оқыту орталығы» мемлекеттік тілді оқыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Соның аясында Сортөбе ауылдық округінде бірқатар игі бастамалар жүзеге асырылып отыр.

Жуырда Сортөбе ауылындағы «Достық» және «Бүлдіршін» бөбекжай-бақшаларының тәрбиешілері мен кіші қызметкерлері «Тілашар» бағдарламасын сәтті аяқтады. Бағдарламаның мақсаты – қазақ тілін қарапайым деңгейде меңгеруге жағдай жасау, тілдік орта қалыптастыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру. Оқу курсын тәмамдаған тыңдаушыларға арнайы анықтамалар мен А1 – қарапайым, сондай-ақ В2 – ортадан жоғары деңгейі бойынша сертификаттар табысталды.

Сонымен қатар, ауылдық округтің мешіт жамағаты да тіл үйренуге ынта білдіріп, «Тілашар» бағдарламасы негізінде білім алды. Олар да курс соңында А1 деңгейіндегі қазақ тілін меңгергендерін растайтын сертификаттар мен анықтамаларға ие болды.

Аталған шара – тұрғындардың тіл үйренуге деген қызығушылығы мен ынтасын арттырумен қатар, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған нақты қадамдардың бірі. Тілдерді оқыту орталығы мамандарының айтуынша, болашақта мұндай курстар өзге де ауылдық округтерде жалғасатын болады.

Қазақ тілін үйрену – барша азаматтың парызы ғана емес, қоғаммен толыққанды қарым-қатынас құрудың басты кепілі. Мемлекеттік тілге деген құрмет осындай іс-шаралар арқылы қалыптасып, нығая түсетіні сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.