ТУ ТҰҒЫРЫ ОРНАТЫЛДЫ

0

4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Масаншы ауылында ерекше салтанатты шара өтті. Ауыл төріне көк байрағымызды асқақтата көтеретін жаңа Ту тұғыры орнатылды.

Мемлекеттік маңызы зор шараға ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, аудан әкімі Бегзат Болатбеков, әкімнің орынбасары Дамира Сүгірбай, ел ағалары мен ардагерлер, жастар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты рәсім барысында ҚР Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көтеріліп, Әнұран орындалды. Көк байрағымыздың желбіреуі – тәуелсіздіктің, бірліктің символы ретінде жиналған жұртшылықтың жүрегін тебірентті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов өз сөзінде Мемлекеттік рәміздердің халқымыздың болмысын айшықтайтын, елдік сананы қалыптастыратын маңызды құндылық екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай игі бастамалар әсіресе өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде айрықша рөл атқарады.

— Мемлекеттік рәміздер — Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған асыл белгілер. Олар елдің тарихы мен тағдырының көрінісі. Осындай тағылымды шаралар арқылы біз ұлттың ұлы мұраттарын жаңғыртып, бірлік пен татулықты нығайта түсеміз, — деді Марат Алмасұлы.

Айта кетейік, Ту тұғырының биіктігі 23 метрді құрайды, ал жалаудың өлшемі – 4х8 метр. Бұл нысан толығымен демеушілердің қолдауымен орнатылған. Жобаның бастамашылары – «Масаншы жастары» ұйымы, төрағасы – Харби Рамазан.

Салтанатты жиын соңы мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге ұлттық әндер мен патриоттық қойылымдар ұсынылды.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.