Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, маусым айында қазақстандықтарға берілген несиенің жалпы көлемі 1,2 трлн теңгеден асып, көрсеткіш тарихи максимумға жетті. Мұнымен қатар берілген тұтынушылық кепілсіз несиелердің көлемі 800 млрд теңгеден асты. Бұл да – рекорд. Осы орайда отандық заңгер Мәулен Спанқұлов несие туралы маңызды 10 сұраққа жауап берді. Маманның айтуынша, тіпті, сіздің атыңыздан жақыныңыз несие алып, кейін оны төлемей қойса, одан қарызды заңды түрде өндіріп алуға болады.
– Көп адам несие алғанда келісімшартты оқымайды. Несие алғанда не нәрсеге мән беру қажет?
– Несие аларда банк пен жеке тұлға арасында міндетті түрде келісімшарт жасалады. Сол келісімшарттағы кестенің аннуитеттік немесе дифференциалды екеніне мән беріңіз. Көп жағдайда банктер аннуитеттік кестені ғана ұсынады. Алайда үстіне қосылатын пайыз аз болғандықтан, қарызды алушы азаматтар үшін дифференциалдысы тиімдірек.
– Несиені кешіктіру мен төлемеудің қандай салдары бар?
– Біріншіден, іс коллекторларға өтеді. Әрекеттері заңсыз болса да, туысқан, дос және жұмыс орныңызға хабарласады. Кейін іс сот орындаушыға өтіп, ол шоттарға және Қазақстан Республикасынан шығуға шектеу қояды. Мұнымен қатар нотариус арқылы жасалатын әрекеттеріңізге шектеу қойылып, тіпті, сенім хат жасата алмайсыз және мүлік сатып ала алмайсыз.
– Қандай жағдайда шетелге шығуға шектеу қойылады?
– Егер банкке берешегіңіз 160-170 мың теңгеден асса, Қазақстан Республикасынан шығуыңызға шектеу қойылады. Бірақ адами факторға байланысты бұл шектеу қойылмауы мүмкін. Ал шектеудің қойылған-қойылмағанын Google-дан тексере аласыз. Яғни Әділет министрлігінің сайтынан «Борышкерлер тізіліміне» өзіңіздің ЖСН нөміріңізді жазасыз. Егер тыйым салынған болса, оң жақ шетінде қызыл белгі тұрады.
– Шектеуді қалай шешуге болады?
– Шотты шектеудің төрт түрі болады. Олар:
нотариус арқылы; сот арқылы; ішкі шектеу; айыппұлдар.
Нотариус арқылы қойылған шектеу 3-7 күннің ішінде шешіледі. Бұл үшін нотариусқа шектеуге қарсы екеніңіз туралы өтініш бересіз. Нотариус үш жұмыс күні ішінде сізге шектеуді алу туралы құжат береді. Кейін сол құжатты сот орындаушыларға беріп, бір күн ішінде шектеуді алып тастата аласыз.
Сот арқылы шектеу қойылған кезде сот орындаушылар нотариусқа жүгінбей, бірден сотқа талап-арыз береді. Яғни сізді соттап, шоттыңыздың барлығын бұғаттайды. Бұл шектеу түрі 20-30 күн ішінде шешіледі. Ол үшін соттың шешімімен келіспейтініңіз туралы шағым түсіресіз. Кейін соттың шешімі жойылғаны туралы құжатты сот орындаушыларға жібересіз. Олар шектеуді бір күн ішінде шешуі керек. Жалпы сот арқылы қойылған шектеуді алып тастау үшін 20-30 күн қажет.
Үшінші – ішкі шектеуді банк қойып, өзі алады. Оны алып тастау үшін банк пен коллекторларға хабарласып, өтініш жазып келіссөз жүргізесіз. Кейін олар сізге берешекті өтейтін тиімді кесте жасап береді. Жалпы бұл шектеу түрін алып тастауға 30-40 күн қажет.
Төртінші – шот айыппұлға қатысты бұғатталса, оны банк шешіп бере алмайды. Бұл шектеуді мемлекет қойғандықтан, айыппұлдарды төлеп барып қана шеше аласыз.
– Коллекторлар заңсыз болса да, жақындарымызға хабарласуы мүмкін екенін айттыңыз. Олармен қалай сөйлесу керек?
– Ең бастысы – сабырлы болу, телефонның ар жағында отырған да сіз секілді адам. Екіншіден, хабарласқан коллектор өзінің толық аты-жөні, қызметі және коллекторлық лицензиясы туралы ақпарат беруі керек. Егер осы ақпараттарды ұсынбаса, сіздің олармен сөйлеспеуге құқығыңыз бар. Ал құқығыңызды бұзып жатса, нақты дәлелдер жинайсыз. Жазған хатының скрині және аудиожазба деген секілді. Кейін мұның барлығын ұлттық банкке ұсынасыз.
– Коллекторлар жеке тұлғаны баласының немесе туысының несиесін төлеуге міндеттей ала ма?
– Бала 18 жасқа толып тұрғандықтан, ол бар жауапкершілікті өз мойнына алады. Кей коллекторлар туыстарымыздың несие берешегін кешіктіргені үшін хабарласып жатады. Алайда олардың бұл әрекеті заңсыз. Олар тек несиені алған азаматқа хабарласуы керек. Бұл жағдайда да қажет дәлелдерді жинап, ұлттық банк көмегіне жүгіне аласыз.
– Қайтыс болған адамның несиесін кім төлейді?
– Марқұмның мұрасын кім алса, сол несиені төлейді. Егер несие қарызының сомасы үлкен болса, сіз мұрадан бас тарта аласыз. Ал егер мұра ретінде үй мен көлік, т.б. қалып жатса, онда несиені жабу қиынға соқпайды. Яғни таңдау еркі өзіңізде.
– Несиені қалай жылдам жауып тастауға болады?
– Ең бірінші әдіс – банкпен келісімшартты қайта жасап, өзіңіз үшін тиімді кесте жасату. Сол кезде ай сайын төлейтін сома азаяды және үстіне ешқандай пайыз қосылмайды. Екіншісі – 12 ай бойы еш қарызды төлемей, өзіңізді банкрот деп жариялау.
– Туысқаныңыз немесе досыңыз сіздің атыңыздан несие алып, төлемей қойса, не істеуге болады?
– Сол туысыңызды немесе досыңызды азаматтық кодекске сәйкес сотқа беріп, алған несие сомасын өндіруге болады.
– Егер заңгердің көмегі қажет болса, оның білікті маман екенін қалай тексереміз?
– Заңгермен жұмыс бастаған кезде үш құжатты талап етесіз. Ол – жеке куәлік, диплом және Заңгерлер палатасына мүшелікті дәлелдейтін құжат.
Informburo.kz