Жақында Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов пен басқарма жанындағы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Айгүл Қоспанова Қордай ауданына жұмыс сапарымен келді. Олар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспановпен бірге бірқатар нысандарды аралады.
Сапардың басты мақсаты – ауданда жүзеге асып жатқан ауыл шаруашылығы жобаларының қазіргі ахуалын саралап, мал шаруашылығы бағытындағы жұмыстардың барысын көзбен көру, ірі шаруашылықтар мен қожалықтардың тыныс-тіршілігімен танысу болды.
Сапар Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылындағы мал соятын цехтан бастау алды. Аталған қасапхана жеке кәсіпкер Салман Амановтың қаражатына салынған. Күніне 50 бас ірі қара мен 200 бас ұсақ мал союға қауқарлы бұл нысанда санитарлық талаптар толық сақталады. 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Салман Амановтың ісі мұнымен шектелмейді. Ол ірі қараны бордақылау ісімен қатар, қой, тауық, үйрек өсіріп отыр. Бірнеше жыл бұрын екі гектар жерді алып жатқан екі көлді сатып алып, оған 45 мың дана сазан мен тұқы шабағын жіберген. Бұл – өңірде балық шаруашылығын дамытудың жарқын үлгісі деп түсінген абзал.
Сапар барысында басқарма басшысы Қайнар мен Бетқайнар ауылдық округтеріндегі бордақылау алаңдарын аралап, Қаракемер ауылдық округіндегі тағы бір қасапхананың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Масаншы ауылдық округінде Қайрат Көшенов ірі жоба – мың бас ірі қараға арналған бордақылау кешенінің құрылысы көрді. Кәсіпкер Исмаил Уджур бұл кешеннің құрылысын 2025 жылдың қыркүйегінде аяқтауды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны – 500 миллион теңге. Заманауи кешен толық автоматтандырылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар, кәсіпкер қой шаруашылығы мен құс өсіру ісін де қатар алып жүрмек. Сапар барысында қонақтар Масаншыдағы 20 мың тонна өнім сиятын көкөніс сақтау қоймасында да болды. Қазіргі уақытта қоймада негізінен пияз сақталып отыр.
Ал, басқарма басшысы Масаншы ауылдық округінің тұрғындары және шаруаларымен кездесу де өткізіп, онда ауыл аазматтары ауыл шаруашылығын қолдау мәселелерін көтерді. Әсіресе, ірі қара малдың санын арттыру үшін жеңілдетілген несие беру, қоймаларды қажетті техникамен жабдықтау – көптің көкейіндегі мәселе.
Дайындаған Жандос ОМАРОВ