Варшаваны бағындырған шабыс

0

Қордайлық атбегі халықаралық аренада Қазақстанның атын асқақтатты

2025 жылдың 7 маусымы – Қазақстанның ат спорты тарихында алтын әріппен жазылар күн. Польша астанасы Варшавадағы әйгілі Орталық атшабарда, Еуропаның ең беделді бәйгелері өтетін алаңда, жерлесіміздің тұлпары GASTON GREAT шынайы сенсация жасап, маусымның ең мәртебелі жарыстарының бірінде айқын жеңіске жетті.

Құйып тұрған жаңбыр, лайсаң трасса мен Еуропаның мықты тұлпарлары да GASTON GREAT-тің жолына бөгет бола алмады. Қайсар мінезі, тегеурінді шабысымен ол қарсыластарын шаң қаптырып, бәйге сызығын бірінші болып кесті.

Көк-сары түсті, алтын жұлдыздары бар ұлттық киім киген жокейдің әрбір қимылы – сенімді, дәл әрі жігерлі болды. Бұл – жай ғана бәйге емес, бұл – спорттық өнер туындысы еді. Әр секунд, әр тұяқ тықылы трибунадағы жанкүйерлердің жүрегін дір еткізді.

Бірақ бұл – жай ғана жеңіс емес, бұл Қазақстан спортының жаңа толқынының, өршіл, қуатты және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті буынның символы.

Жеңісті еселей түсетін тағы бір қуанышты жайт – GASTON GREAT тұлпарының иесі Қордай ауданы, Ауқатты ауылынан шыққан жерлесіміз Мейір Кыпшақбаев екені. Оның тұлпарға деген махаббаты, қажырлы еңбегі мен мақсатқа берік сенімі биікке жетеледі.

Мейір Қыпшақбаев – өмірін отандық ат спортына арнаған азамат. Ол бұған дейін де түрлі халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, өз деңгейін әлдеқашан дәлелдеген. Варшава төріндегі бұл жолғы жеңіс – нағыз еңбектің, кәсіпке деген адалдықтың және биік мұратқа жетелеген сенімнің заңды жемісі.

– Бұл жеңістің орны мен үшін ерек, бұл еңбектің, табандылықтың, шынайы құштарлықтың нәтижесі деп білемін. Біз әлемге Қазақстан тек қатысушы ел емес, ат спорты мен атбегілік дәстүрін дамытуда көшбасшы елге айналуға лайықты екенін көрсеткіміз келеді. – дейді Мейір Қыпшақбаев.

Мейірдің жолы – барша қазақстандыққа үлгі. Ол: «Шын ниетпен беріліп, талмай еңбек етсең, тіпті шағын ауылдан шығып-ақ, әлемдік аренада бой көрсетуге болады» деген қарапайым, бірақ айқын шындықты дәлелдеді. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас ұлттың жеңісі.

GASTON GREAT — Қазақстанның күші мен қайратының, шапшаңдығы мен рухының бейнесіне айналды.

Енді алда  тағы бір маңызды бәйге күтіп тұр. 2025 жылғы 22 маусымда GASTON тағы да Варшава жарыс алаңында бой көрсетпек. Бұл жолы — маусымдағы ең мәртебелі жүлделердің бірі – Ашхабадтың Бас жүлдесі сарапқа салынады. Миллиондаған жанкүйердің назары тағы да осы сәйгүлікке ауады. Біз  GASTON GREAT тағы да ел үмітін ақтайтынына сенеміз.

Мейір Кыпшақбаев пен оның командасын жарқын жеңісімен құттықтаймыз! Алда бұдан да биік белестер, толағай табыстар мен халықаралық аренада еліміздің атын асқақтататын жаңа сәттер көп болғай!

Leave A Reply

Your email address will not be published.