Қордай ауданында ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайы және жан-жануарлар арасында инфекциялық және инвазиялық ауруларының таратылуының алдын алу жөнінде атқарылып жатқан шараларға зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Жамбыл облыстық мәслихаты төрағасының м.а. өкімімен құрылған жұмысшы топ Қордай ауданындағы зерделеу жұмыстарын Степное ауылында құрылысы жүріп жатқан ветеринариялық тіректің жағдайымен танысудан бастады. Сонымен қатар зерделеу жұмыс барысында Қордай ауылдық ветеринариялық пункті мен Ноғайбай ауылындағы заманауи жобамен салынған Беккари шұңқырымен және ветеринариялық тіректің жұмысымен танысты.
Облыстық ветеринария басқармасы ветеринариялық іс шараларға аудандық ветеринария бөлімдеріне керекті аса қауіпті жұқпалы ауруларға ветеринариялық препараттарды жеткізіп береді. Аудандық ветеринария бөлімдері жоспарға сәйкес профилактикалық егу, диагностикалық зерттеу, санитарлық сою, түсіндіру және эпизоотияға қарсы іс-шараларды тұрақты жүргізуде.
Жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды, сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс обьектілерінің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қордай ауданының ішкі сауда обьектілеріне 28 дана ескертпелер мен заңдылықты сақтау бойынша хабарламалар берілген.
Аудан бойынша аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Жануарлар арасында жүргізілген вакцинациялау, диагностикалық зерттеулер және санитарлық шаралардың нәтижесінде эпизоотиялық жағдай тұрақты.
Жалпы алғанда, аудандық және облыстық ветеринариялық қызметтердің өзара үйлесімді жұмысының нәтижесінде эпизоотиялық ахуал қатаң бақылауда және тұрақты деңгейде сақталуда.
Жануарларды санитарлық союға тасымалдау, есепке алу, материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстары аудандық ветеринариялық бөлім арқылы ұйымдастырылады. Жыл басынан бері 423 қараусыз ит ауланған. Жұмыс аудан әкімінің шешімімен бір маман арқылы жүргізіледі. Ауланған ит-мысықтар комиссия қатысуымен «Беккари» шұңқырларында жойылған. Аудандық ветеринариялық іс-шараларға қажетті қаражат Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы тарапынан бөлінеді. Қордай ауданында орындаушылық жұмыстарды аудандық ветеринария бөлімі қызметкерлері атқарады. Олар арнайы құрал-саймандармен, жеке қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілген.
Аудан бойынша 19 ветеринариялық пункт жұмыс істесе, оның ішінде 8 ауылдық округте ветеринариялық пункттер жоқ. Қақпатас, Жамбыл, Степной, Қасық ауылдық округі бойынша жер телімін беру туралы шешім қабылданып, Степной ауылдық округінде құрылыс жұмысы басталып қабырғалары қаланған. Қалған Қарасу, Сортөбе, Масаншы, Қарасай ауылдық округі бойынша жер учаскелері бекітіліп, облыстық ветеринария басқармасымен келісілген және жер құжаттарын рәсімдеу мақсатында құжаттар дайындалуда.
«Қордай аудандық ветеринариялық бөлімі іс-шараларды атқару үшін қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Мамандар арнайы жұмыс киімдерімен және ветеринариялық жабдықтармен қамтылған. Дегенмен, қызметтік автокөліктер мен бірқатар құрал-саймандар ескірген, соңғы жылдары жаңартылмаған. Осы мәселелерді шешу үшін қаржыландыруды арттыру, зертханалық мүмкіндіктерді кеңейту, вакцинамен тұрақты қамтамасыз ету, жас мамандарды ауылда ұстап қалуға жағдай жасау қажет. Сонымен бірге ветеринар мамандардың жалақысын көтеріп, статусын заңды түрде бекіту, жұмыс жүктемесін мал басына шаққан нормативпен белгілеу қажет дейді»,-дейді жұмысшы топ өкілі, облыстық мәслихат депутаты Рүстем Айдынбеков.
Ветеринария саласы мекемелерінің материалдық-техникалық базасының бүгінгі жағдайына зерделеу жүргізген жұмысшы топ, мәселелерді тыңдап, олардың оңды шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.
Әділет САТЫШЕВ