ВОЛОНТЕРЛІК — ІЗГІЛІКТІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ

0

Волонтер – қоғам игілігі үшін ерікті түрде көмек көрсететін әрі көмегі үшін ақы алмайтын адам. Кейде колледж немесе ЖОО студенттері «бізді мұғалім жұмсады» деп, баға алу үшін, яки ұстаздың нұсқауымен еркінен тыс көмектесуге келеді. Бұл – волонтерліктің негізгі қағидасына қайшы. Не болмаса, мектеп оқушылары жазғы демалысын тиімді өткізгісі келіп, бізге көмектесуге сұранып жатады, бірақ басым көпшілігі онысы үшін ақы төленеді деп қателеседі. Сондай-ақ еріктілердің атқарған жұмысы қоғамға пайдалы болуы тиіс.

Бүгінде әлемде әрі елімізде волонтерліктің 15 бағыты бар. Біздің мемлекетте қарқынды дамығаны – әлеуметтік, оқиғалық және эко волонтерлік. Жалпы, коронавирус өршіп, республика бойынша пандемия болған кезде елімізде волонтерлік белең алды. Барлық өңірдің белсенді азаматтары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, ардагерлерге азық-түлік себетін тасумен, оны сұрыптаумен, call-орталықтарда жедел ақпарат берумен, мұқтаж жанұялардың тізімін жасаумен айналысты, бұдан басқа да көптеген іс-шара атқарды. Пандемия кезінде онлайн, медициналық және Pro-bono бағыттары жақсы дамыды. Соңғысы – жаңа бағыт. Мұнда кез келген ерікті өзінің білімі, кәсіби біліктілігі, тәжірибесімен тегін бөлісе отырып, қоғамға көмегін тигізеді. Мәселен, пандемия кезінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі әлеуметтің осал тобына жататын отбасының балаларына онлайн әрі тегін сабақ оқытты. Я болмаса, тәжірибелі кәсіпкердің өз саласындағы жастарға бизнес-дағдыларын үйретуі және тағы басқа. Тегін қызмет көрсету де Pro-bono волонтерлікке жатады. Мәселен, окулист көпбалалы отбасындағы балалардың көз жанарын тегін тексеріп беруі мүмкін.
«Ұлттық волонтерлер желісінің» аймақтарда волонтерлік қозғалысты дамыту бойынша үйлестіруші болып жұмыс істеймін. Біз еріктілерге қатысты дұрыс ұғым қалыптастырғымыз келеді, осы мақсатта семинар-тренингтер өткіземіз. Әр өңірде «Ұлттық волонтерлер желісімен» тығыз жұмыс істейтін 30 ішкі өкіл, 80-нен астам тренер, шамамен 500-ден астам ерікті бар. Біздің волонтерлер ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне, Универсиадаға, ЕҚЫҰ Саммитіне, Астана экономикалық форумына және басқа да көптеген іс-шараға белсенді қатысты.
Қоғамда әлі күнге дейін волонтерлікке қатысты қате түсінік көп. Мәселен, волонтер – тегін қызмет көрсететін қара жұмысшы. Бізге белгілі бір ұйымнан хабарласып, «ертеңге дейін іс-шараға көмек көрсететін 30 ерікті қажет» деп жатады. Біз волонтерлерді қоймада сақтамаймыз, ол – оқу оқитын оқушы, студент, яки жұмыс істейтін азамат, тіпті зейнеткер болуы мүмкін. Яғни, волонтерліктен бөлек айналысатын негізгі шаруасы бар. Оның үстіне, волонтер кез келген іс-шараға ерікті түрде тартылатын болған соң оған сіздің шара қызықты болуы керек. Бұдан басқа, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар хабарласып, қаржылай көмек сұрайды. Бұл – қайырымдылық.
Жалпы, ауыр дертке шалдыққан балалардың еміне, тұрмысы төмен отбасыға баспана алып беру үшін ақша жинау, кез келген қайырымдылық шара өткізу волонтерлікке жатпайды. Алайда қайырымдылық қорлар өз шарасын жүзеге асыру кезінде еріктілердің физикалық көмегіне жүгіне алады. Сондай-ақ дінге, саясатқа қатысты шаралар, мәселен, мешіт, шіркеудің немесе партияның жұмысына көмектесу де волонтерлік емес. Сондай-ақ коммерциялық шараларға (концерт, флешмоб және т.б.), көпшілік көрініске қатысу, өнер көрсету волонтерлік болып саналмайды.
Ұлттық волонтерлік желі – азаматтар, азаматтық қоғам институттары, бизнес-сектор және мемлекеттік құрылымдар арасында волонтерлік мәдениетті, волонтерлік бастамалар мен қызметті қалыптастыру, қолдау және дамыту мақсатында 2010 жылы құрылған азаматтар мен заңды тұлғалардың ерікті бірлестігі. Жыл сайын 5 желтоқсанда волонтерлік еңбекті тану, бұл қызметке жастарды тарту, сондай-ақ азаматтық қоғам қалыптастыруда волонтерліктің рөлі туралы халықты хабардар ету мақсатында Халықаралық волонтер күнін атап өтеміз.
«Ұлттық волонтерлер желісі» Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен 2018 жылы QazVolunteer.kz платформасын іске қосты. Бұл – волонтерлер қозғалысын дамыту және танымал ету мақсатында республика бойынша еріктілер мен волонтерлік ұйымдарды біріктіретін заманауи алаң. Бұл алаңда 53 мыңнан астам ерікті, 3,5 мыңға жуық ұйым бар. Бүгінге дейін мыңнан астам жоба жүзеге асырылды.
2016 жылы «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданды. Бұл заң әлі де жетілдірілуде. Бүгінде волонтер белгілі бір ұйымның іс-шарасына ерікті түрде көмектесетін болса, екі тараптың арасында келісім шарт жасалуы керек. Мәселен, волонтердің жұмысы алты сағатқа созылса, оған тіскебасар, ал сегіз сағатқа жетсе, ыстық тағам ұсынылуы керек. Волонтер білімін, энергиясын белгілі бір шараға жұмсайтын болғандықтан, оның қалтасынан шығын шықпауы керек. Яғни, оның жол ақысы, қажет болса, телефон бірлігі төленуі тиіс. Сондай-ақ кешкі уақыттағы жұмыс болса, оған 18 жастан асқан еріктілер тартылуы керек. Кәмелет жасына толмаған болса, ата-анасының қолхаты болуы тиіс.
«Ұлттық волонтерлер желісінің» іс-шараларына қатысқан еріктілерге сертификат береміз. Волонтерлік қызмет тәжірибе болып саналады. Оны түйіндемеде көрсетуге болады. Көптеген дамыған мемлекетте ЖОО-ға оқуға тапсыратын талапкердің оқуда озат болуынан бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқанына көп мән беріледі. Бұл үрдіс елімізде де жақсы белең алып келеді.
Айдана МАҚЫШЕВА,
«Ұлттық волонтерлер желісінің» үйлестірушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.