Ынтымақ жүрген жерде ырыс болады

0

Халықтың қайырымдылығы мен ұйымшылдығының айғағы болған «Асар» дәстүрін білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә. «Асар» дегенде ағайынның ықыласы бөлек. Көмекке зәру жандарға асарлатып үй салу немесе баспана әперу бүгінгі таңда жүріп жатқан сауапты істердің бірі әрі бірегейі болып қала бермек.
«Асарлатып үй салу» жобасы аясында Қордай ауданында тұрмысы төмен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Айта кетейік, биыл ауданымызда асар әдісімен 15 үй салу жоспарланған десек, жыл басынан бері 2 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерген.
Мәселен, жуырда Сұлутөр ауылында бес және үш жасар балалары бар жесір анаға көмек көрсетілді. Гүлжан Тұрлықожаева өткен жылы жарынан айырылды, пәтер жалдап тұрып келді. Тағдырдың ауыртпалығын кешкен жас келіншекке ауылдық жастар қауымы баспана сатып алуға көмектесуді шешеді. Жерлестер арасында үндеу тастап, отбасы үшін лайықты үй де тауып қойды. Екі айдың көлемінде қажетті екі жарым миллион теңге қаржы жиналыпты. Осылайша, Гүлжан биылғы қыс мезгілін өзінің жарық әрі жағдайлы 4 бөлмелі кең үйінде қарсы алды, ауласы кең, оған қоса шаруашылық құрылыстары да бар екен.
-Күйеуім жол апатынан қаза болып кетті, екі кішкентай баламен жалғыз қалдым. Мұны естіген ауылдастарым жағдайымды түсініп, қаражат жинап осындай тамаша баспананы сатып әперді. Маған көмек берген баршаға алғысым шексіз, — дейді Гүлжан.
Айтпақшы, жерлестері оның жұмысқа орналасуына да көмек көрсетті – енді ол эколог болып еңбек етуде. Ауылдағы қайырымды жандар басқа да туындаған мәселелер бойынша жәрдем көрсетуден аянып қалмайды.
Ауылдық округ әкімі Нұрлан Байсалдың айтуынша, ата-баба дәстүрі бүгінгі ұрпақты адамгершілікке, мейірімділікке, жанашырлыққа, жергілікті қауымдастықтың көмегін бағалай білуге тәрбиелейді.
-Жасаған жақсылығың еселеп қайтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс болады» деп қазақ бабам тегін айтпаған ғой. Ертең мен де, менің балаларым да мұқтаж жандарға көмектесетін боламыз, — дейді Гүлжан.
Бір қуантарлығы, Қордай ауданында соңғы үш жылда ежелгі дәстүр бойынша Алға, Жамбыл, Степной, Қасық, Ауқатты, Қарасу, Отар, Сортөбе, Масанчи және Қордай ауылдық округтерін мекендейтін бірқатар көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар баспаналы болды.

Ләйлім Досембекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.