ЗАМИРАНЫҢ ЖАСАУЛАРЫ

0

Әйел заты үшін қыз жасауының орны қашанда бөлек. Қарт әжелеріміздің өзі «Мынау шешемнің көзі еді» деп жарты ғасыр бұрын артынан келген көрпе-жастық, сандығын тастауға қимай отырады. Үкілеп өсірген қызын жасаусыз ұзатпаған дана халқымыздың бұл салты бүгін де жалғасып келеді.

Дегенмен, «Заманына қарай адамы» демекші, қазір қыз жасауына деген арулардың талғамы өзгерген. Ал тапсырыс берушінің ойындағыдай дүние жасап шығару оңай емес. Екі жылдан бері бойжеткендердің жасауын дайындап, көңілдерінен шығып, ата-аналарының алғысын алып жүрген аралдық тігінші Замира Абдинабиеваның жасаған көрпе-жастықтары аудан тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие. Оның жоғары талғаммен таңдалған маталары, көрпенің бетіне түсірген ою-өрнегі, ішкі салма материалдары табиғилығымен, ұлттық нақышымен ерекшеленеді.
Бала күнінен тігіншілікке құмартқан кейіпкеріміз бұл қабілеттің анасынан дарығанын айтады: «Анам тігінші болған. Сол кісінің жанында жүріп көрпе көктеуді, құрақ құрауды үйрендім. Бастапқыда ағайын-туысқа тігіп жүрдім. Кейіннен тапсырыстар ала бастаған шақта ісмерлік дағдыларымды жетілдірейін деген мақсатпен курс сатып алып, оқыдым. Өйткені, қолөнер, тігін саласы қазір дамуда, адамдардың талғамы да өзгеруде. Сондықтан заман көшінен қалмай, жаңашылдықтарды үйреніп отыруым қажет», — дейді ісмер.
Замира Мақашқызы құрақ көрпеше, оюлы көрпелер, сөмкелер, әмиян, сырға салып қоятын қобдишалар, оюлы жастық тыстарын, өзге де көз сүйсіндірер қолөнер бұйымдарын тігеді. Қолөнерші үшін бұлардың ішіндегі ең күрделісі – таза құрақтан құралған көрпе тігу екен. «Қыз жасауы жиынтығына кіретін алты көрпеге 360-қа жуық құрақ (көз) тігіледі. Оның бәрін дайындау үшін, әрине, үлкен төзім, табандылық қажет. Қазір кішкентай сәбиім болғандықтан, бір қыз жасауы жиынтығын дайындауға екі аптадай уақыт кетеді».
Қолөнершінің айтуынша, қыз жасауының бағасы 180 мың теңгеден басталады. Оның бағасы құрақ пен оюлардың орналасуына, құрақтың санына, матаның түріне байланысты. «Көрпеге түрік велюрі, атлас маталарын қолданамын. Ал оюға тапсырыс берушінің сұранысына қарай кез-келген түрін пайдаланамын, ең көп таралғаны өзіміздің «қошқар мүйіз» оюы. Соңғы жылдары тапсырыс көбейіп келе жатыр. Өйткені, қазір бұрынғыдай үйде отырып, өзі көрпе тігетін адамдар бірен-саран. Одан да дайынын ала салған жеңіл», — дейді Замира Мақашқызы.
Ісмер келіншектің алға қойған жоспарлары айқын. Қазір үйіндегі шағын бөлмеде жұмыс істейтін ол болашақта үлкен тігін цехын ашсам дейді. «Жаңа, сапалы тігін машинасын алсам деймін, қазіргісі кішкентай. Сондай-ақ, автокөліктерге арналған төсеніштер, орындықтарына қаптар тіксем деген ойым бар. Осы ойға алған мақсаттарымды жүзеге асыру үшін әрекет етіп жатырмын. Бизнеске берілетін қайтарымсыз грантқа өтінім беріп, құжаттарымды жинастырудамын», — деп алдағы жоспарларымен бөлісті.
Замира Абдинабиева – алты баланың анасы.Ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрген көпбалалы ана өзінің ісмерлік қабілетін қыздарына, өзге де қолөнерге қызығушылығы бар бұрымдыларға үйретуді өзіне парыз санайды. «Қазақтың қолөнері – ұлтымыздың ертеден атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл мұрасы. Сондықтан, оны жаңғырту, қазіргі өсіп келе жатқан ұрпағымызға үйрету – біздің міндетіміз деп білемін. Ізімнен ерген шәкірттерім бар, әзірге көп емес. Қазір кәсібімді әлеуметтік желілерде дамыту, жарнама жасауға қатысты білімімді жетілдірудемін. Соны аяқтағаннан кейін шәкірттерімнің санын көбейтсем, арнайы курс ашсам деген тілегім бар».
Осындай игі мақсаттарды көздеген ісмер жан мемлекеттік қолдауға қол жеткізсе, өз кәсібін одан әрі дөңгелетіп алып кетеріне сенім мол.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.