ЖҮЗ ҚОЙДАН ЖҮЗ ҚОЗЫ

0

Аудан әлеуеті сөз болған сәтте мал шаруашылығын айналып өту мүмкін емес. Қал сұрасуын мал-жанның амандығынан бастаған халқымыз бүгінде бұл үрдістің отын өшірмей, ата кәсіпті өрге сүйреп келеді. Олай болса кезекті айдарымызды аудан әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосқан салаға арнап, мал төлдету науқанына аз-кем тоқталып өтсек.

«Мал өсімі төлден» демекші, бүгінде аудан шаруалары мен төрт түліктің жайын баққан сақманшылар мал төлдету науқанына бел шешіне кіріскен. Осындай қарбаласқа толы сәтті Кенен ауылдық округіндегі «Қабыл-Нұр» шаруа қожалығы да қалт жібермей, туытқа түскен малдың жем-шөбін дайындап, жағдайын жасауда. Қанат Медеуов басшылық ететін агроқұрылымда 1100 бас қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы бар. Науқан наурыз айының кірісімен басталып, сақманшылар бүгінге 300 бас асыл тұқымды қозы алып үлгерген.

«Қазір әр шаруаның ауласы мен қорасында қой қоздап, бота боздап, сақман қызу жүруде. Біз де олардан қалыспай тірлігімізді жасап келеміз. Сақманшылар әр малдан бір-екі төлден алуда. Туытқа түсетін қойларды бөлек жылы қорада ұстаймыз. Жалпы, жағдай жаман емес. Жем-шөбіміз де жеткілікті», — деген шаруашылық басшысы атқарылған іс пен алдағы жоспарларымен бөлісті.

Рас, қылышын сүйреткен қыстан бұйығып шыққанымен малдың қоңы түспеген. Бұл әрине, мал қыстату науқаны барысында жасалған жүйелі жұмыс пен қажетті мөлшердегі жем-шөптің арқасы. Қ.Медеуовтың айтуынша, өткен жылы малға 30 тонна жем, 250 тонна шөп дайындалған. Енді бірер күнде жаңа туған қозылар отығып, мал түгелімен жайлауға жіберілмек.

Естеріңізге сала кетсек, «Қабыл-Нұр» шаруа қожалығы асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысатын шаруашылық. Бұл істе агроқұрылымға көрсетілген мемлекеттің қолдауы аз емес. Өткен жылы қожалық басшысы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында 350 бас қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын алып, биыл бұл істің жемісін көріп отыр.

«Сырт көзге жеңіл көрінгенімен, мал өсіру оңай шаруа емес. Бұл ең әуелі қажырлы еңбек пен қомақты қаражатты қажет ететін іс. Осы ретте шаруалардың «қолын ұзартып», ісін жүргізуге мол мүмкіндік сыйлайтын «Сыбаға» бағдарламасының берері мол. Бағдарлама аясында көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Әлбетте, мұны біз мемлекеттің шаруаларға жасаған қамқорлығы деп білеміз», — дейді Қанат Медеуов.

Мұнымен қатар, «Қабыл-Нұр» шаруа қожалығы ірі қара бордақылаумен де айналысатынын айта кеткен жөн. Өткен жылы шаруа төрт тоннадан астам ет өнімін тамақтану орындары мен ірі сауда нүктелеріне өткізген.

Сондай-ақ, мамандардың мәлімдеуінше аудан бойынша 418 мың бас қой тіркеліп, оның екі жүз мыңға жуығы туытқа түспек. Шаруалар 100 қойдан 100 қозы алуды жоспарлап отыр.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.