Несібесін жерден жиған диқандар ауа райының аптап ыстығы мен қара суығына қарамастан қолайлы сәтті қалт жібермей қызу еңбектің қамымен жүретіні ешкімге де жасырын емес. Дер кезінде егінін орып, алтын дәнді қамбаға жинаған олар ендігі жерде дәндік жүгері ору жұмыстарына бел шешіне кіріскен.
Жалпы, Қордай ауданы ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамыту, диқандарды жеңілдетілген дизель отыны және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу арқылы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу сынды игі үрдістерден құр алақан емес. Осының арқасында биыл аудан шаруалары егін орағын сәтті аяқтап, қазіргі таңда «дала аруын» жинау жұмыстарын бастап кеткен. Олардың қатарында Бетқайнар ауылдық округіндегі «Мақұлбаев» шаруа қожалығы да бар. Аталмыш құрылым биыл 45 гектарға «Пионер» сұрыпты жүгері дақылын сеуіп, оған тамшылатып суғару әдісін қолданған.
«Қазір диқандар үшін қауырт шақ. Жаздай күтіп баптаған өнімінің жемісін көретін мезгіл. Ауа-райының қолайлы кезін тиімді пайдалып, егістік алқаптарын шығынсыз жинап алу маңызды. Бас аяғы 45 гектарға себілген дәндік жүгеріні жинау жұмыстары соңына таяп қалды. Астық бастыру жұмыстарына 1 бірлік комбайн іске қосылып, одан бөлек 3 трактор жұмылдырылуда»,-дейді қожалықтың тәжірибелі жұмыскері Марат Даутбаев.
Халқымызда «Еңбегіне қарай – өнбегі» деген сөз бар. Мұны, ең алдымен, шаруалардың ерен еңбегінің жемісі деуге болады.
Ауданның дамуы және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатының артуы, жалпы тұрмыстың түзелуі ежелден ауылшаруашылығы, оның ішінде егін және малшаруашылығын дамытумен тікелей байланысты. Қожалық жұмысына сәттілік тілейміз!