Ауылдық елді мекендерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекет үшін маңызды басымдықтардың бірі. Төтенше жағдайларда жедел көмек көрсету қажеттігі әрдайым өзекті. Жұма күні халық саны 10 000- нан асатын Ауқатты ауылдық округінде жаңа өртке қарсы құрылымның ашылу салтанаты өтті.
Ашылу жиынына Жамбыл облысы ТЖ Департаменті бастығының бірінші орынбасары Азат Әбдіразақов, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, аудандық ТЖ бөлімінің бастығы Қанат Иманқұлов, ауылдық округ әкімі Алмас Иенберген, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Бұл нысан шалғай елді мекендерді тілсіз жаудан қорғауға бағытталған. Шарада сөз алған Азат Бердібекұлы ел ішінде төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет ету – басты міндет екендігін баса айтты.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Бақыт Оңласынұлы құттықтау сөз сөйлеп, жаңадан ашылып отырған бекеттің жұмысына табыс тіледі.
Сондай — ақ, барлық ауыл тұрғындарының атынан ауыл ақсақалы Серік Қанатов пен Қызылсай ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бақтыбек Мүслімов сөз сөйлеп, осындай игі істерге ұйытқы болған аудан басшысы Бегзат Болатбеков пен ауылдық округ әкіміне алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Жаңа бекеттің лентасын мәртебелі қонақтармен бірге, ауыл ақсақалдары салтанатты жағдайда қиды.
Ашылу салтанатынан кейін Азат Бердібекұлы мен Бақыт Оңласынұлы нысанның ішін аралады. Бекеттің штаттық саны 4 адамды құрайды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы киім мен жабдықтар және су жаңа өрт сөндіру көлігі берілген. Кейін жиналғандардың барлығы бекет қызметкерлерінің жұмыс орнымен танысты.