Жаңа жыл қарсаңында өткен жылға көз жүгіртіп, атқарылған игі істерді еске алу – дәстүрге айналған. Сол игі бастамалардың қатарында талай жанның орындалған арманы бар. Арман мен үміт жетегінде жүріп, соның ақиқатқа айналғанын көру – үлкен бақыт. Әсіресе, ол баспана мәселесі болса, қуаныштың жөні бөлек.
Қордай ауданында жылдар бойы «Асарлатып үй салу» игі дәстүрі тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Соның арқасында көптеген отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Бұл үрдіс 2025 жылы да өз жалғасын тапты.
Мәселен, Кенен ауылындағы 1979–2001 жылдары туған азаматтары бірлесіп, қаражат жинап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», 80 жастағы Нәсіпті Әжікеноваға жаңа үй салып берді. Құрылыстың әр кезеңінде ауыл жастары бір кісідей жұмылып, кірпіш қалаудан бастап, барлық ауыр жұмысты бірге атқарды. Нәтижесінде ақ жаулықты ананың көптен күткен арманы орындалып, еңселі жаңа шаңырақ бой көтерді.
Қоныс тойға Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай арнайы қатысып, еңбек сіңірген азаматтарға марапаттар табыстап қайтты. Жаңа жылды жаңа үйінде қарсы алғалы отырған әжеге зор денсаулық, ал Кенен ауылының тұрғындарына бірлігі мен берекесі арта берсін деген ізгі тілегімізді білдіреміз.
Сонымен қатар, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде аудан әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясының ұйытқы болуымен және «Масаншы жастары» қоғамдық ұйымының демеушілігімен Жамбыл ауылының тұрғыны Алия Бекирова да баспаналы болды. «Асар – ел бірлігі» жобасы аясында сатып алынған тұрғын үйдің кілті салтанатты түрде табысталып, демеуші ұйым өкілдеріне алғыс хаттар беріліп, құрмет белгісі ретінде иықтарына қазақы шапан жабылды.
Биыл жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алатын жандардың қатарында Қордай ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Мадина Молотова да бар. Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың қолдауымен оған жаңа баспана беріліп, демеушілердің көмегімен тұрғын үй толықтай жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталды.
Жалпы алғанда, биыл аудан бойынша жүзден астам тұрғын мемлекет қолдауы-ның арқасында баспаналы болды. Аудан әкімі Бегзат Болатбеков жаңа қоныс иеле-рін жеке өзі құттықтап, тұрғын үй кілттерін салтанатты түрде табыстаған болатын.
Осылайша, «Асарлатып үй салу» дәстүрі мен мемлекеттік қолдаудың арқасында жүздеген отбасы жаңа жылды жаңа үйлерінде қарсы алмақ. Бұл игі бастамалар алдағы жылдары да өз жалғасын табады деген сенім мол.
Жандос ОМАРОВ