ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

0

Баршаға мәлім, қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды конституциялық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл өзгерістер елдің саяси жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған.

Осы мақсатта Қордай ауданында аудан әкімі Бегзат Болатбековтың төрағалығымен актив отырысы өтіп, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясы жобасын түсіндіру мәселесі кеңінен талқыланды.

Жиынды ашып, жүргізген аудан басшысы Бегзат Болатбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында, сондай-ақ бұған дейінгі Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту қажеттігін айқындап бергенін атап өтті. Президент бастамаларының негізінде Конституцияның жаңа редакциясы әзірленіп отырғанын айтқан аудан әкімі бұл реформалардың ел болашағы үшін маңызы зор екенін жеткізді. Оның айтуынша, Ата Заңға енгізіліп жатқан өзгерістер әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Отырыста сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ұсынылып отырған өзгерістер елдің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуға бағытталғанын айтып, Егемендік, мемлекеттің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілгеніне назар аударды.

Келесі сөз алған Қордай аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұржан Смағұлов конституциялық реформаның мәні мен мазмұнына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, Конституциялық комиссия жұмысы барысында Конституцияның барлық негізгі бөлімдері қайта қаралып, нәтижесінде 77 бапқа өзгерістер енгізілген. Бұл Ата Заң мәтінінің 84 пайызын қамтып отыр. Жалпы алғанда, Конституцияның жаңа редакциясының жобасына 11 бөлім және 95 бап бекітілуі ұсынылып отыр. Спикер жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде алғаш рет айқындалғанын атап өтті.

Актив отырысын қорытындылаған аудан әкімі Бегзат Болатбеков Конституцияның жаңа редакциясы жобасына қатысты ұсыныстарды қабылдау жұмысы әлі де жалғасып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жаңа құжатта бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттіліктің берік негізі ретінде айқындалғанын айтты. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттарының Конституция деңгейінде алғаш рет бекітілуі, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғауға қатысты нормалардың енгізілуі маңызды жаңалықтардың бірі ретінде бағаланды.

Сондай-ақ дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты айқын көрсетілгені атап өтілді. Мемлекет басшысының жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатыны жөніндегі ұстанымы да жиын барысында ерекше атап өтілді.

Айта кетейік, Қордай ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге бағытталған мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың саяси-құқықтық сауаттылығын арттыруға және ел болашағына қатысты маңызды реформаларды кеңінен насихаттауға бағытталмақ.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.