ЖАҢА ЗАУЫТ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛМАҚ

0

Жуырда Қарасу ауылдық округіне қарасты Өтеген ауылында ауыл тұрғындарының инвесторлармен кездесуі өтті. Округ аумағында цемент зауытын салуды жоспарлап отырған инвесторлармен кездесу қайырымдылық шара ретінде ұйымдастырылған. Инвестор-компания «КОРЦЕМ» ЖШС өкілдері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуге бел буған.
Аталмыш компанияның өкілі Ғазиден Абдраимовтың айтуынша, компания ауданда ұзақ уақыт үлкен көлемде жұмыс атқармақ. «КОRCEМ» ЖШС бірлескен қазақ-сингапурлық кәсіпорын екені белгілі болды. Сингапур тарапынан International Cement Group (ICG) компаниясы серіктес болып табылады. Жалпы зауыт құрылысына 50 млрд.теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарлануда. Жоспар бойынша зауыттың қуаттылығы жылына 1 млн. 200 мың тонна цемент болмақ. Клинкерлік цементті өндіру бойынша желі қуаттылығы тәулігіне 3500 тоннаны құрайды. Өндіріс технологиясында қазақстандық заңнамасына сай келетін заманауи жүйелер қолданылмақ. Компания өкілдері жергілікті тұрғындарды жел тармақтары мен тұрғын үй алқаптарының орналасуы ескеріліп, шаң мен шуылды төмендету бойынша барлық шара қолданылатынына сендірді. Ғазиден Абдраимовтың айтуынша зауыт құрылысының бас мердігері ретінде қытайлық «Цзянсуский холдинг Пэнфэй» компаниясы айналыспақ. Аталмыш компания негізгі құрылыс материалдарын өндіріп, металлургиялық өнеркәсіпке арналған құрал-жабдықты, тазалау қондырғылар кешенін өндіру және оларды сүйемелдеу бағытында жұмыс атқарады. Құрылыс барысында қытайлық компания бас мердігер ғана болатыны айтылды, яғни олар зауытты салып, құрал-жабдықты іске қосып, жергілікті мамандарды үйретеді, ал зауытта жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Зауыт іске қосылғаннан кейін 350 адамға дейін жұмыспен қамтылмақ.
«Біз өндіріске үлкен қаражат салып жатырмыз, ауданда бұл саланы дамытпақпыз. Әрине, жергілікті халықпен жағымды қарым-қатынас қалыптасқаны бізге жақсы. Бүгінгі акция біз қордайлықтарға көрсететін көмектің бір парасы ғана. Зауыт қолданысқа енгізілгеннен кейін біз жергілікті атқарушы органмен қандай көмек көрсету қажеттілігін шешеміз», — деді компания өкілі. Іс-шара соңында аз қамтылған азаматтарға қаржылай көмек көрсетілді.

Серғазы МАНАСБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.