ЖАҢА ЖОЛ – ЖАҢА МҮМКІНДІК

0

Қарасу – Масаншы автожолын жөндеу жұмыстары басталды. Аудан тұрғындары үшін жол сапасы әрқашанда көкейтесті болып келеді. «Жолдың қадірін жүрген адам біледі», демекші, жолдың тегіс әрі жайлы болуы, әсіресе, ауылдық аймақтардың халқы үшін өте маңызды.

Соңғы бірнеше жылда «Қарасу-Масаншы» тас жолында көлік қозғалысының көптігі байқалуда, бұл жол жамылғысының айтарлықтай тозуына әкеп соққаны рас. Жергілікті тұрғындардың арыз-шағымдары елеусіз қалған жоқ – қазір учаскеде орташа жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Жоба 45,45 шақырым жолды жаңартуды қамтиды. Жөндеу жұмыстары қиыршық тас асфальтбетонды төсеу арқылы заманауи қайта өңдеу әдісімен жүзеге асырылуда. Бұл ретте жол іргетасы нығайып, жер бетінің техникалық сипаттамалары жақсарып, беріктігі артады.

Жұмыс «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тапсырысымен жүзеге асырылуда. Учаскеде асфальт төсегіш, үш каток, гудронатор, су таситын көлік, автогрейдер және асфальт жеткізетін 25 тонналық самосвалдар іске қосылған.

Жол жөндеу Масаншы ауылында жүріп жатыр. Жақында Мәңгілік Ел және Мағазы Масаншы көшелерінің тұрғындары тегіс және қауіпсіз жолмен жүре алады. Мағазы Масаншы көшесінің ірі елді мекендерді – Масаншы мен Сортөбені байланыстыратынын ескерсек, бұл жоба аса маңызды.

Мердігер «АрсикоСтройИнвест» ЖШС, оның Жамбыл облысында да, одан тыс жерлерде де автомобиль жолдарын салу және қайта жаңартуда үлкен тәжірибесі бар. Барлық жұмыстарды аяқтау 2025 жылдың соңына жоспарланған.

Бір айта кетерлігі, құрылыс материалдары Қарасу ауылына кіре берісте орналасқан компанияның жеке асфальт зауытынан тікелей жеткізіледі.

Жол жөндеуде ескі асфальт жабыны толығымен алынып, орнына жаңасы төселуде: бірінші қабаттың қалыңдығы 8 см, екінші (жоғарғы) қабаты 5 см. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын арттыру үшін жол жиектерін нығайтуға және оларды абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Учаскеде барлығы 30-ға жуық маман – кәсіби жүргізушілер, грейдеристер, асфальт төсеуші техника операторлары жұмыс істеуде. Жұмыс наурыз айында басталып, құрылысшылар жобаны белгіленген мерзімде аяқтайтындарына сенімді.

Жол инфрақұрылымды дамытуда стратегиялық маңызы зор. Бұл жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсартып қана қоймай, логистика, бизнес, өңіраралық байланыстар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қордай ауданындағы ауқымды жобаны – анағұрлым жайлы, қауіпсіз және заманауи көлік жүйесіне жасалған сенімді қадам деуге негіз бар.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.