Былтыр әлем көшбасшылары парниктік газдар шығарылымымен күресу үшін маңызды мәміле жасасты. Атап айтар болсақ, алдағы онжылдықта жаһандық ормандардың жойылуын тоқтатуға және қайта қалпына келтіруге келісті. Сөйтіп, «Глазго көшбасшыларының Орман және жерді пайдалану жөніндегі декларациясына» қол қойылды.
Осылайша, шығыс Сібір тайгасынан бастап әлемдегі екінші үлкен тропикалық орман орналасқан Конго бассейніне дейінгі ауқымды кеңістікте орналасқан ормандарды қорғауға халықаралық қоғамдастық күш салмақ.
Шартараптың басы қосылған жиында бұл мәселенің көтерілуі бекер емес. Өйткені адамзаттың кесірінен шығатын парниктік газдар көлемі әлемдегі зиянды газдардың төрттен бір бөлігін құрайды. Яғни пальма майы, соя және сиыр еті секілді ауылшаруашылық өнімдерін шығару кезінде ормандарға орасан зардап келіп отыр.
Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен Еуропалық одақтың ормандарды сақтаудың жаһандық міндеттемелеріне қосқан үлесі ретінде 1 млрд еуро бөлетінін жариялады.
Қарт құрлықтың бюджетінен бөлінетін қолдау пакеті әлемдегі ормандарды қорғауға, қалпына келтіруге және тұрақты басқаруға берілмек. Оны ұйымға серіктес елдер алады. Сондай-ақ қаражат Париж келісімінің ережелерін орындауға жұмсалмақ.
«Орман – «Жердің жасыл өкпесі». Оларды қорғап, қалпына келтіруіміз керек. Біз әлемдік ормандарды қорғауға 1 млрд еуро бөлеміз. Бұл – Еуропалық одақтың «Жасыл келісіміне» сәйкес планетамызды қорғауға бағытталған жаһандық өзгерістерге жетекшілік етудегі міндеттемеміздің бір парасы», деді У.Ляйен.
Еуропалық одақ Конго өзені бассейніне ерекше назар аудармақ. Сондықтан бөлінетін 1 млрд еуроның 250 млн еуросы осы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталады.
Мәселен, АҚШ президенті Джо Байден метанды бақылаудың көпұлтты жоспарын ұсынды. Ақ үй әкімшілігі аталған құжатты қысқа мерзімде климаттық дағдарыспен күресудің бірден-бір ең тиімді жолы деп санайды.
Д.Байденнің пайымдауынша, алдағы онжылдықтың соңында шартараптағы ауаға тарайтын метанның үлесін 2020 жылғы мөлшерден 30 пайызға азайтуға мүмкіндік бар. Ақ үй басшысы бастамашы болған альянсқа 90 ел қосылды. Айта кетерлігі, тізімдегі мемлекеттер жаһандық экономиканың үштен екісін құрайды. Оған қоса, метанды көп шығаратын 30 ел де осы альянста бар. Бірақ Үндістан, Қытай және Ресей секілді парникті газдарды ауаға көп тарататын мемлекеттер жаһандық метан пактісіне қосылған жоқ.
COP26 конференциясы кезінде экологиялық таза технология¬ны жаппай қолданысқа енгізу мәселесі де қаралды. Мысалы, жасыл энергетикаға көшу, зиянды газ шығармайтын көлік пайдалану ісі жаһандық жылынумен күреске үлкен үлес қоспақ.
Жиын кезінде көптеген мемлекет таза технологияларға бөлінетін қаражат көлемін арттырып, оның өндірісін көбейтуге күш салмақ. Осылайша, қазба отындарға тәуелділік азайтылмақ. Мұның тиімді тұсы жетерлік. Осындай заманауи технологияларға көбірек көңіл бөлу олардың құнын азайтады.
«Таза технологияны бәрі пайдаланатын, қолжетімді және тартымды етіп, оларды қазіргі таңдағы ең ластаушы салаларға енгізу арқылы бүкіл әлемдегі парникті газдар шығарылымын азайта аламыз», деді Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон.
Тағы бір бастама – дамушы елдерде таза электр энергиясын өндіруге бағытталған «Адамдар мен планетаға арналған жаһандық энергетикалық альянсы». Бұл жобаға Дүниежүзілік банк, Рокфеллер қоры, Безос Жер қоры секілді ұйымдар бастапқыда 10 млрд доллар бөлмек. Ұлыбритания мен Скандинав елдерінің зейнетақы қорлары 2030 жылға қарай таза энергияға 130 млрд доллар инвестиция салатынын мәлімдеді.
Жаһандық жылынумен күреске қаржылық институттар да үлкен үлес қоспақ. Қаржылық құны 130 трлн долларды құрайтын әлемдегі жүзден аса банк парникті газдар шығарылымын азайтуға ерекше ықпал етуді жоспарлап отыр.
Glasgow Financial Alliance for Net Zero (GFANZ) деп аталатын бастамаға сәйкес, 2050 жылға қарай аталған қаржылық ұйымдар активтерінің бәрі түгелдей таза технологияға көшіп, қоршаған ортаға зиян келтірмейді.
Әйтсе де, банктердің климат өзгеруіне қарсы тұру жоспарына сенбейтіндер көп. Сарапшылардың пайымдауынша, қаржылық ұйымдар әлі де емін-еркін қазба отындарға, яғни ауаға зиянды газдарды көп шығаратын өндіріске қаржы құюын жалғастыра береді.
Сонымен қатар COP26 саммитінде 40-тан астам мемлекет ең ластаушы отыннан толықтай бас тартпақ. Осылайша, «қара отын» жағатын электр стансаларын пайдалануды кезең-кезеңімен тоқтатуға келісті.
Мұндай бастамаға Канада, Польша, Украина және Вьетнам секілді көмірді электр тоғын өндіруге пайдаланатын елдер қосылды. Айта кетерлігі, тізімге енген дамыған мемлекеттер 2030 жылға дейін «қара отыннан» мүлдем бас тартса, дамушы елдер бұған 2040 жылы қол жеткізуді жоспарлаған. Өкінішке қарай, Аустралия, Қытай, Үндістан және АҚШ секілді көмірді көп тұтынатындар бұл бастамаға қосылған жоқ.
«Қазір – климаттың өзгеруімен күресудегі жаһандық іс-қимылымыздың маңызды кезеңі. Өйткені әлемнің түкпір-түкпіріндегі мемлекеттер Глазгода бірігіп, көмірдің болашақ электр қуатын өндіруде ешқандай рөлі жоқ екенін мәлімдеді. Халықаралық серіктестеріміздің осы міндеттемелері көмірді тұтынудың ақыры жақын екенін көрсетеді», дедіҰлыбританияның іскерлік хатшысы Кваси Квартенг.
Саммит барысында 20-дан астам мемлекет мен қаржы инс¬титуты қазба отынын шетелде дамытуға арналған барлық қаржыландыруды тоқтатуға келісті. Оның орнына, келесі жылдан бастап қаражатты жасыл энергияға бағыттайды.
Сарапшылардың пайымдауынша, бұл қадам таза отынға көшуге айтарлықтай серпін береді. Бұл тізімге АҚШ, Ұлыбритания, Дания секілді елдер кірген. Сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банк те жасыл энергетикаға қаржы бөлмек.
Бұл бастамаға қосылғандар қаражатын экологиялық таза өнімге жұмсау арқылы жылына шамамен 8 млрд доллар ұтады. Келісімге сәйкес, кез келген қазба отынды, соның ішінде газды игеруге қаржы бөлінбейді.
Париж келісімін жүзеге асыру үшін Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газ шығарылымын 15 пайызға қысқартуға ниетті. Мақсатқа қол жеткізу мақсатында Қазақстан ұлттық деңгейде айқындалған үлесін жаңартып, жаңа Экологиялық кодекс қабылдады.
Қазақстанның көміртегі бейтараптығына жер мен суды пайдаланудың орнықтылығын, экономиканың энергетикалық тиімділігін арттыру, электрлендіру және экологиялық таза, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін кең ауқымды пайдалану арқылы қол жеткізілетін болады. Парниктік газ шығарылымын азайту жоспарларын іске асыру кезінде нарық тетіктері мен жеке инвестициялардың әлеуеті барынша пайдаланылады.
СОР26 шеңберінде Қазақстан Орман және жерді пайдалану декларациясына, сондай-ақ Жастарға білім беру және олардың белсенділігін арттыру міндеттемесіне қосылды.